Полицейлердің жұмыс киімі соңғы рет 2005 жылы өзгерген. Бүгінде ол заманауи талаптарға сай келмейді
ERNUR.KZ. Ішкі істер министрлігі қазақстандық полицейлердің жаңа киім үлгісінің жобасын көпшілік талқысына ұсынды, деп жазады ҚазАқпарат.
«Формаға қойылатын негізгі талаптар - оның қолайлылығы, тартымдылығы және артық элементтердің болмауы. Киімдердің дизайнына, дайындалуына қосымша қаражат талап етілмейді. Полиция қызметкерлері нысанды киім-кешекпен кезең-кезеңімен қамтамасыз етіледі. Ол ескірген киімді ауыстыруға бөлінетін жыл сайынғы қаражат есебінен жүзеге асырылады», делінген хабарламада.
Ішкі істер министрлігі барша халықты полицейлердің жаңа киім үлгісін талқылауға қатысып, белсенділік танытуға шақырады. Киім үлгілерімен ІІМ-нің Инстаграмдағы ресми парақшасынан таныса аласыздар.