Израильден Қазақстанға қосымша рейс жоспарланып отырған жоқ –министрлік

0
814

Израиль аумағына әуе қатынасы уақытша тоқтатылған.


Израильден Қазақстанға қосымша рейс жоспарланып отырған жоқ –министрлік

ERNUR.KZ. Израильден Қазақстанға қосымша репатриациялық рейстер ұшпайды. Бұл туралы көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

"Израильге қосымша рейстер әзірге жоспарланып отырған жоқ. Елге келуге өтініш білдірген 166 азамат Тель-Авивтен жеткізілді. Бортта 180 адамға орын болған. Яғни орын жетпей қалды деген мәселе болмады. Тек өз азаматтарымызды ғана емес, Қазақстанға келеміз деген 42 шетелдікті де Тель-Авивтен алып келдік", - деді Қарабаев мәжіліс кулуарында журналистер сұрағына жауап беріп.

Айтуынша, қазір Израильде елшілік жұмыс істеп жатыр. Израиль аумағына әуе қатынасы жағдай тұрақтанғанға дейін тоқтатылған.

Естеріңізге сала кетейік, 10 қазанда Тель-Авив қаласынан Алматыға репатриациялық рейс орындалды. Қазақстанға 166 жолаушы, соның ішінде 124 қазақстандық және 42 шетелдік жеткізілді.