Қайрат Сатыбалдыұлының бақылауындағы компания басшылары ұсталды - Антикор

0
564

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлы, Гүлмира Сатыбалды және басқа да тұлғаларға қатысты тергеуді жалғастырып жатыр.


Қайрат Сатыбалдыұлының бақылауындағы компания басшылары ұсталды - Антикор

ERNUR.KZ. Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты істің тергелуі туралы ақпарат жарияланды, деп жазады Tengrinews.kz.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлы, Гүлмира Сатыбалды және басқа да тұлғаларға қатысты тергеуді жалғастырып жатыр. Тергеу барысында Сатыбалдыұлының бақылауындағы кәсіпорындардың - кірме теміржол желілері (соңғы шақырым) иелері ұрлығының қосымша фактілері анықталды. Олар Мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары көмегімен елдің қала құраушы кәсіпорындарына кірме жолдардың қызметтеріне тарифті негізсіз көтеру арқылы көп миллиардтық пайда тапқан", - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, Сатыбалдыұлының бақылауындағы екі компания басшылары ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған. Кінәлілік туралы қорытынды шешімді сот анықтайды, делінген ведомство хабарамасында.

Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жария етуге жатпайды.

Бұған дейін Гүлмира Сатыбалдыға қатысты бизнесті рейдерлік басып алу дерегі бойынша соталды тергеу басталғаны хабарланған болатын. Ол 2 айға қамауға алынған еді. Кейін Гүлмира Сатыбалдыға қатысты аса ірі мөлшерде (747 миллион теңге) бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатқаны белгілі болды.

Еске салайық, 13 наурызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Қазақтелеком" АҚ-ның лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлау дерегі бойынша қылмыстық істі тергеп жатқанын хабарлаған болатын. Бұл қылмыстарды жасады деген күдікпен Қайрат Сатыбалдыұлы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.