Қайырымдылық рейтингісі: Қазақстан тізімнің көш соңында тұр

0
619

​Елде 3 мыңнан аса қайырымдылық ұйымы бар.


Қайырымдылық рейтингісі: Қазақстан тізімнің көш соңында тұр

ERNUR.KZ. Қайырылымдылық рейтингісінде еліміз 126 елдің арасында 78-орынға ие болды, деп жазады inbusiness.kz.

2020 жыл Қазақстанда волонтер жылы болғаны белгілі. Бірыңғай волонтерлер платформасының дерегінше, елімізде 3,3 мыңнан аса қайырымдылық ұйымы бар. Онда 48 мыңнан аса адам жұмыс істейді.

2021 жылғы 28 мамырдағы мәліметке сәйкес, волонтерлер 1 мыңнан аса жобаны іске қосқан: оның ішінде 542 әлеуметтік, 100 экологиялық, 87 мәдени, 64 медициналық, 63 спорттық, 45 оқиғалық.

Қайырымдылық жобаның басым бөлігі Нұр-Сұлтанда жүзеге асырылды. Үздік үштікке Алматы қаласы (116 жоба) мен Шығыс Қазақстан облысы (81 жоба) енді. Аталған өңірлерде барлық қайырымдылық жобасының тең жартысы ұйымдастырылған. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Қазақстандағы волонтерлік» есебіне сәйкес, елдегі волонтерлердің орташа жасы – 20,4. Бұл салада 11-75 жас аралығында адамдар жұмыс істеген.

Қазақстанда студенттік волонтерлікті ынталандыру үшін әлеуметтік ваучер механимзмі іске қосылған. Ол студенттерге әлеуметтік кредит бере отырып, әлеуметтік институттар мен мекемелерде қоғамға пайдалы жұмысты орындауға ынталандырады.

Мысалы, qazvolunteer.kz сайтында 14,4 мыңнан аса студент тіркелген. Платформада тіркелген студенттер саны бойынша Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті көш басында тұр. Үздік үштікке Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Астана медицина университеті енді.

Елімізде қаражат пен заттар жинау (248 жоба), халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсету (204 жоба), оқиғалық және event-волонтерлік (87 жоба) сынды қайырымдылық іс-шаралары жиі ұйымдастырылады.

2019 жылы қайырымдылық рейтингісінде Қазақстан 126 елдің арасында 78-орынды иеленді. Рейтинг дерегінше, еліміз 100% индекстің 26%-ын алған. Тізімде ТМД елдері арасында Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан Қазақстаннан жоғары тұр. Рейтинг көшбасында АҚШ, Мьянма және Жаңа Зеландия, көш соңында Қытай.