Мәжіліс төрағасының сұрағына жауап берген индустрия министрі Бейбіт Атамқұловтың дауысы естілмей қалды, ол микрофонын қоса алмады.
ERNUR.KZ. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин республикалық бюджет туралы заң жобасын талқылау барысында ұлттық экономика мен индустрия министрлеріне шүйлікті, деп жазады sputnik.kz.
Парламент мәжілісінде "2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы қаралды. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, ел экономикасы өсімінің болжамы 2,8%-тен 3,1%-ке дейін жақсарған. Яғни, Қазақстан экономикасы қалпына келіп жатыр.
Алайда мәжіліс спикері жас министрдің оптимистік болжамымен келіспеді.
"Әсет Арманұлы, ЖІӨ-нің 3%-ке өсуі экономиканың өткен жылғы құлдырауымен байланысты екенін айту керек. Былтырғымен салыстырғанда база төмен. Солай емес пе?", - деп сұрады Нығматулин.
"Солай", - деп келісті Ерғалиев.
"Ол жағын айтпай, үндемей отырсың", - деді спикер.
Нығматулин ұлттық экономика министрлігі ел экономикасын дамыту штабына айналуға тиіс екенін атап өтті.
"Бүгін қаралып отырған бюджет бойынша экономиканың нақты секторына қателеспесем, 723 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл қомақты ақша. Сіздің министрлік экономиканың өсімін қамтамасыз ету үшін бұл қаражаттың қайда бағытталатынын айқындауы керек. Экономиканың өсімі сіз бен біздің жеңісті цифрларымыз, пайыздарымыз емес. Мұның бәрі азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға тиіс", - деді мәжіліс төрағасы.
Егер ұлттық экономика министрлігі агроөнеркәсіп кешеніндегі өсім туралы болжам жасаса, онда сөрелер шеттен тасылған өнімдермен емес, бағасы төмен отандық азық-түлікке толып тұруға тиіс, деп жалғастырды ол.
"Егер біз өнеркәсіп, құрылыс индустриясының өсімі туралы айтсақ, біздің азаматтар мұны сезінуі керек. Құрылыс материалдары, соның ішінде олардың бағасы, халыққа қолжетімді болуы қажет. Соңғы уақытта бәрі қымбаттап жатыр. Солай емес пе, Бейбіт Бәкірұлы?", деді Нығматулин.
Алайда осы кезде индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов микрофонын қоса алмай, даусы естілмей қалды.
"Сізді естімей тұрмыз, микронфонды басыңыз", - деді спикер.
"Министр Атамқұловтың микрофонын қосыңыздаршы. Өнеркәсіп саласын қалай басқарып отырсыз? Кнопканы баса алмайсыз", - деп сынады Нығматулин.
"Иә. Міне, қосылды. Келісемін сізбен", - деп жауап берді микрфоны қосылған Атамқұлов.
Нығматулин сөзін қорытындылап, ұлттық экономика министріне "кейбір әріптестері сияқты статистикаға емес, нақты жұмыс істеуге" кеңес берді.