Қант қосылған сусындарға қосымша салық салынуы мүмкін

0
617

Денсаулық сақтау министрлігі құрамында қанты көп сусындар үшін акциз енгізуді ұсынып отыр.


Қант қосылған сусындарға қосымша салық салынуы мүмкін

ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова қант қосылған тәтті сусындарға акциздік салық не үшін қажет екенін түсіндірді, деп жазады sputnik.kz.

Денсаулық сақтау министрлігі қант қосылған сусындар үшін қосымша акциз енгізуді ұсынып отыр. Есмағамбетованың айтуынша, бұл елде семіздік және қант диабетімен ауыратындар санының артуымен байланысты. Әсіресе, семіздікке шалдыққан балалар көбейіп барады.
"Артық салмақ болашақта созылмалы аурулардың дамуына әкеледі. Қателеспесем, 0,5 мл коланың құрамында қанттың 10 тәуліктік дозасы бар. Яғни бала тәтті сусынды ішкеннен кейін он еселік қажеттілікті алады. Сондай-ақ қант барлық дерлік өнімнің құрамында болатынын білеміз", - дейді Есмағамбетова сенат кулуарында.
Айтуынша, тәтті сусындарға акциз енгізуді денсаулық сақтау министрлігі ойлап тапқан жоқ. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымы. Мұндай акциз көптеген елде бар.
"Қант қосылған сусындарға салық салу – тұтынуды азайтуға септігін тигізетін шаралардың бірі. Әрине, бұл шараға қосымша таңбалау енгізіледі, міндетті ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және ең бастысы – баланың дұрыс тамақтану әдетін қалыптастыратын ата-аналармен жұмыс жүргізіледі. Тамақтану әдеті балаларда бес жасқа дейін қалыптасады", - дейді вице-министр.
Есмағамбетова бұл бастамаға сусын өндіретіндер қарсы екенін айтты.
"Бұл қалыпты жағдай. Өйткені акциз өндірушілерге қосымша салмақ салады. Бірақ біз бизнес пен халықтың денсаулығы арасындағы балансты сақтауымыз керек. Себебі, тағы қайталап айтамын, балалар арасында сырқаттанушылық өсіп барады. Сондықтан денсаулық сақтау министрлігі дұрыс тамақтану позициясында қалады", - деді ол.