Қарағанды облысында ас беруден кейін 21 адам коронавирус жұқтырған

0
778

Қарағанды облысында коронавирус жұқтырған 1394 адам анықталған.


Қарағанды облысында ас беруден кейін 21 адам коронавирус жұқтырған

ERNUR.KZ. Қарағанды облысы, Шет ауданында ас беруден кейін бірнеше адам коронавирус жұқтырған, деп жазады Tengrinews.kz.


"Өкінішке қарай, коронавирус жұқтырғандардың көбі адам көп жиналатын отбасылық мерейтой, туған күн, ас беру кезінде анықталып жатыр. Мысалы, Шет ауданында ас беруден кейін 21 адам коронавирус жұқтырған. Олардың көбі қарт адам мен созылмалы ауруы бар адамдар", - дейді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімінің айтуынша, аймақта коронавирус инфекциясының тез тарауына жергілікті тұрғындардың қауіпсіздік шарасын сақтамауы себеп болған.

"Адамдар оқшаулану, әлеуметтік қашықтық және маска тағып жүруді есте сақтамайды. Сондықтан 13 маусымнан бастап карантин режимін күшейту туралы шешім қабылданды. Оның ішінде, қоғамдық көліктің, сауда орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысы тоқтатылады", - дейді Жеңіс Қасымбек.

Еске салайық, кеше Қарағанды облысында карантин күшейтілетіні белгілі болды.
13 маусымнан бастап карантин аймағының периметрлері - Жезқазған, Қарқаралы ауданы, Шет ауданының Жарық кенті қоршалады және блокбекеттер орнатылады.
Мемлекеттік органдар мен бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің 70 пайызы қашықтан жұмыс режиміне көшіріледі.
Қоғамдық және сауда объектілерінің жұмысы уақыты шектеледі.
Айта кетейік, Қарағанды облысында коронавирус жұқтырған 1394 адам анықталған. Оның ішінде, 619 адам аурудан айығып шықса, жалпы 7 адам коронавирус инфекциясынан қайтыс болған.