Желі қолданушысы ауыл тұрғыны 10-14 жасар қыздарға тап бергенін айтқан.
ERNUR.KZ. Қоғам белсендісі Дина Таңсәрі Қарағанды облысы Ақтау ауылында тұрғындар қызды зорламақ болған ер адамды ұстап алғанын мәлімдеді. Тұрғындар полиция күдіктіні босатып жібергеніне наразы, деп жазады stan.kz.
Дина Таңсәріге желі қолданушысы ауыл тұрғыны 10-14 жасар қыздарға тап бергенін айтқан.
“14 жасар қызым 9 жарымдарда тәтемнің үйіне жақын жерде келе жатқан. Сол кезде оған педофил шабуылдады. Қызым қашып үлгерді”, – деп түсіндірді ақтаулық әйел.
Осы жайттан соң олар полиция шақырғанын айтады. Бірақ құзырлы органдар келгенше оны тұрғындар үйлердің арасынан тауып, ұстап алған.
“Ұстаған жігіттер қаскөйдің әжелерге тиіскенін көрген. Біреуін қылқындырып, екіншісін зорлағысы келді. Біз арыз жаздық”, – деді тұрғын.
Айтуларынша, Теміртау қалалық ішкі істер басқармасы күдіктіні босатып, істі қысқартқан. Олар енді балаларын көшеге жіберуге де қорқып қалғандарын айтты.
“Бұл факт Теміртау қалалық ПБ-да тіркелді. Ер адамның жеке басы анықталды. Оның мінез-құлқында жыныстық сипаттағы азғындық және басқа әрекеттердің белгілері байқалмады. Қоғамдық орында мас күйінде болғаны үшін ол Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 440-бабы “Алкогольді ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде жүру” бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, медициналық айықтырғышқа орналастырылды”, – деп мәлімдеді Қарағанды облыстық ПД.