Қарағанды облысында вакцина алған зейнеткерлер ақшалай сертификат алуда

0
346

Сертификаттарға азық-түлік сатып алуға немесе коммуналдық қызметтерді төлеуге болады.


Қарағанды облысында вакцина алған зейнеткерлер ақшалай сертификат алуда

ERNUR.KZ. Қарағанды облысының кәсіпкерлері мен қоғамдық қорлары «Коронавирусты бірге жеңеміз!» атты акцияны бастады, деп жазады ҚазАқпарат.

Балқаштың вакцина алған зейнеткерлеріне және Ұлытау ауданының тұрғындарына ақшалай сертификаттар беріледі. Ол сертификаттарға азық-түлік сатып алуға немесе коммуналдық қызметтерді төлеуге болады.

Балқашта акцияның бастамашылары жергілікті кәсіпкерлер болды. Олар ақшалай қаражат бөліп, азық-түлік дүкендер желісімен, сондай-ақ зейнеткерлердің сертификаттарын қабылдайтын қаланың коммуналдық кәсіпорындарымен келісті.

«Сертификаттар вакцинаның бірінші компонентін алғаннан кейін бірден егу пунктерінде беріледі. Олар жалғызбасты зейнеткерлерге және ең төменгі зейнетақысы бар адамдарға арналған. Сондай-ақ, оларды «қант диабеті» диагнозымен диспансерлік есепте тұрған қарт адамдар алады. Біз тәуекел тобына жататын егде жастағы адамдарды вакциналауға ынталандыру үшін осындай акцияны бастадық», – деп атап өтті Балқаш қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінен.

Ұлытау ауданында «Арша Фаранд» қоғамдық қорының қолға лауымен вакциналанған азаматтарға ақшалай сертификаттар беру басталды. 5 мың теңге сомасындағы сертификаттар 65 жастан асқан вакциналанған аудан тұрғындарына және көпбалалы отбасыларға беріледі.