Жергілікті билік баспанадан айырылғандардың мәселесін жақын арада біржақты қыламыз дейді.
ERNUR.KZ Қарағанды облысы Ботақара кентіндегі жарылыстан зардап шеккен екі адамың бірі облыс орталығына жеткізілді. Екіншісінің жағдайы әлі ауыр, деп жазады КТК.
Ал жарылған үйде тұрған 12 отбасына басқа баспана алып беру мәселесі қаралып жатыр. Әзірге олардың біразы жалдамалы пәтерге орналастырылса, екіншілері туысқанын паланалап отыр.
Жергілікті билік баспанадан айырылғандардың мәселесін жақын арада біржақты қыламыз дейді. Баспанасы жарылыс болған пәтерге көрші орналасқан Сәуле Оразалинова қазір жалдамалы пәтерде. Ішінде жиһаз да, техника да жоқ. Өйткені бәрі жарылыста талқаны шықты. Көрпе, төсектің өзін еріктілер әкеліп берген. Жұрт жеткізген азық-түлік те бір бұрышқа жиналыпты.
"Ештеңе ала алмадық, ешқандай дүниемізді. Құжаттарымызды алдық, әйтеуір, содан кейін. Оның өзі жартылай жоқ. Бір бөлме толық түсіп кеткен соң, сонда бірсыпырасы кетті. Негізгі құжаттарымыз бар. Алғанымыз мына пакеттердегі киім-кешек. Шкафтан бір көрпеге орап алып шыққан нәрсе гой бәрі", - дейді Сәуле Оразалинова.
Тағы сегіз отбасы дәл осындай жалдамалы пәтерге орналасты. Үш жанұя туысқандарына кірген. Апат болған үйде тек бес пәтер сау қалған. Қалған жетеуінде бүкіл дүние-мүліктің тас-талқаны шығыпты. Қираған техника мен жиһаздар бойынша шығын көлемі 10 миллион теңгені құраған. Ал екі баланың анасы Айжан Әбікеева жалдамалы пәтерден өзі бас тартқан. Ауылдағы әке-шешесінің үйін паналап отыр. Бірақ інісінің бала-шағасы бар үй тарлық етеді деп отыр.
"Қаншама отбасы бар ғой, көпбалалы, сосын әке-шешем үйге кел дегеннен кейін келдім. Әзірге осында тұрып жатырмыз. Үй алғанша іздестіреміз бе деп ойлап тұрмыз, жалдамалы пәтерді. Өйткені мына үйде де кішкентай балалар бар. Менің өзімде екі кішкентайым бар. Жалдамалы іздейтін шығармыз деп тұрмын. Енді осында уақытша тұра тұрамыз", - дейді Айжан Әбікеева.
Апат болған үйді мамандар тексеріп кеткен. Келесі аптада оның жөндеуге жарамды-жарамсызын айтады. Дегенмен шенеуніктер жарылған үйдің тұрғындарына жаңа үй салғанша басқа баспана алып берген тиімді деп отыр.
"Дұрысы сатып алған. Жеңілдеу болады, жылдамдау болады. Үйді салатын болсақ оған бір жылдай уақыт керек. Оған қаржы керек. Халықтан сататын кісілер болса, солармен тиісті келіссөз жүргізіп, қанша шаршы метр, қандай жағдайда тұған үйлер бойынша, сол сияқты басқа ауыл тұрғындарынан сататын болса аламыз. Бәріне коммуналдық үйде тұрғандарға, оларға аламыз, бірақ ол үйлер коммуналдық үй болып қалады", - дейді Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Есентаев.
Естеріңізге салсақ, 30 қаңтарға қараған түні үйдің екінші қабатындағы пәтерде газ баллоны жарылды. Бірнеше пәтердің қабырғасы құлап, төбесі ортасына түскен. Оның астында бірінші қабаттағы пәтерде тұратын ерлі-зайыптылар жан тапсырды. Тек үйдегі төрт жасар немересі ғана аман қалған. Үйінді астынан екі ер адам мен үш бала шағырылды. Екі бала дін-аман. Қалғаны ауруханада.