1677 дәрігер мен медбикелер жалақы көлемінде сыйақы алды.
ERNUR.KZ. Қарағанды облысында COVID-19 таралуымен күрес жүргізу жалғасуда. Бұл туралы Эпидемиологиялық жағдай туралы селекторлық режимде өткен аппараттық жиналыста мәлімделді, деп жазады ҚазАқпарат.
30 наурыздан бастап өңірдің бес қаласында жеке шектеу шаралары қарастырылған карантин енгізілді. Бұл тұрғындарға уақытша қатаң шектеулерді сақтауға тура келетінін білдіреді.
Бүгінгі күннен бастап Қарағанды, Теміртау, Абай, Саран және Шахтинск қалаларының аумағында осы елді мекендер халқының өмірі мен қызметі үшін ерекше жағдайлар қарастырылған карантин режимі енгізіледі. Яғни жоғарыда аталған қалалар бірыңғай карантиндік аймақ болып табылады. Бұл қалалардың тұрғындары кәмелетке толмаған балалардың өз бетінше жүріп-тұруына тыйым салу сияқты шектеу шараларын сақтауы қажет, 65 жастан асқан адамдарға далаға шықпау, ал жұмыс берушілерге жұмыс күнін 2 сағатқа қысқарту ұсынылады», - деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.
Бұл шаралардың барлығы өңірде вирустың таралуына жол бермеу үшін қажет.
Бүгінгі күні облыста жеті адам коронавирустық инфекциямен ауырады. Дәрігерлер олардың жағдайын қанағаттанарлық деп бағалайды.
Облыста барлығы 592 адам тәулік бойы дәрігерлердің бақылауында, тағы 514 адам үйлерінде оқшауланған. Жақын арада облыста 300 мың байланыссыз термометр сатып алынады.
«Көмек-2020» қоғамдық қорының қаражаты есебінен 20 мың респиратор сатып алынады. Жақын арада облыс емханаларында коронавирусты анықтау үшін экспресс-тестілеу басталады. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, облысқа 100 мың тест келіп түседі. Тестілеу қатаң түрде клиникалық белгілер болған жағдайда тегін жүргізіледі, - деді Ержан Нұрлыбаев.
Сондай-ақ, өңірде аспалы бүріккіштер сатып алынды. Қазіргі таңда 56-ы түсті, тағы 170-і облысымызға Ресейден жеткізіледі. Дәрігерлер үшін қорғаныш костюмдерін, маскалар мен медициналық қолғаптарды жеткізу жалғасуда. Республикалық бюджеттен коронавирусқа қарсы күреске қатысатын медицина қызметкерлеріне сыйақы алуға қаражат бөлінді. Қарағанды облысында 1677 дәрігер мен медбикелер жалақы көлемінде сыйақы алды. Төлемдер жалғасуда.