Қарағанды шахтасындағы төтенше жағдай: бір жұмысшы қайтыс болды

0
2 322

​Қайтыс болған жұмысшы 15 жыл бойы бұрғылау қондырғысының машинисі болып жұмыс істеген. "АрселорМиттал Теміртау" басшылығы марқұмның жақындары мен туыстарына көңіл айтты.


Қарағанды шахтасындағы төтенше жағдай: бір жұмысшы қайтыс болды

ERNUR.KZ. Қарағанды облысында Ленин атындағы шахтадағы апаттан бір жұмысшы қаза тапты, деп жазады sputnik.kz.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының ұжымы мен басшылығы оқиға салдарынан Ленин атындағы шахтада қаза тапқан бұрғылау қондырғысының машинисі Николай Шадировтың туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады", - делінген Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

"АрселорМиттал Теміртау" қайтыс болған адамның отбасына Қазақстан заңнамасына және ұжымдық шартқа сәйкес барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетеді.

Николай Шадиров – бұрғылау қондырғысының 5-ші разрядты жерасты машинисі. Ол компанияның көмір департаменті "Спецшахтомонтаждегазация" басқармасында 16 жыл, оның ішінде 15 жыл бұрғылау қондырғысының машинисі болып жұмыс істеген.

Шахтадағы апат

Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы "АрселорМиттал Теміртау" АҚ көмір департаментінің "Ленин атындағы" шахтада метан газы мен ұсақ көмір фракциялары шығып кеткен. Мұндай жағдай барлау ұңғымасын бұрғылау кезінде болған.

Тау-кен шебері мен машинистің көмекшісі оқиға орнынан кетіп үлгергенімен, машинистің өзі шыға алмай қалған. Ал апат кезінде шахтада үшінші ауысымның 137 жұмысшысы болған, оның 136-сы шығарылды.

Бұған дейін шахтада газ бен көмір атындысы кезінде екі адам зардап шеккені хабарланды.

Аталған факті бойынша төтенше жағдайлар министрлігі өндірістік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің жанынан арнайы тергеу комиссиясы құрылды.