Қарағандылыққа ақшасы қайтарылды.
ERNUR.KZ. Пойызда екі миллион теңгедей ұмытып кеткен қарағандылыққа ақшасы қайтарылды, деп жазады Tengrinews.kz.
41 жастағы қарағандылық 3 ақпанда Нұр-Сұлтан желілік полиция бөлімшесіне барған. Ер адам Шымкент - Нұр-Сұлтан-Нұрлы Жол пойызында 1,9 миллион теңгесін ұмытып кеткені белгілі болды. Ақша туралы пойыздан шыққан кезде ғана есіне түскен.
"Бұл жағдайда не істеу керегін білмей, ол таксиге отырып Нұрлы Жол теміржол вокзалына барған. Ол жаққа жолаушылар пойызы келуі тиіс еді. Осы уақытта патрульдік полиция тобының сержанты Берік Аққалиев қызметте болған.
Полиция сержанты өтінішті тыңдап, дереу қажетті іздестіру шараларын жүргізді. Сержанттың үйлесімді және жедел іс-әрекетінің нәтижесінде 1,9 миллион теңге салынған сөмке табылып, иесіне берілді", - деді көліктегі ПД қызметкері.
Ер адам тәртіп сақшыларына алғыс айтты. Ал олар өз кезегінде жолаушылардан заттарына мұқият болуды сұрады.