ERNUR.KZ. Қарағандыда 17 жастағы қыз есірткі таратты деген күдікке ілінді. Полицейлер қызды есірткі ұстап тұрған жерінен ұстады, - деп жазады Tengrinews.kz.
Полицейлердің қызды ұстаған сәтінің видеосы Instagram желісіндегі skandal.krg парақшасында жарияланды. Видео кадрларынан полиция қызметкерлері мен кәмелетке толмаған қыз бен оның заңды өкілдерін көруге болады. Қарағанды облыстық ІІД баспасөз қызметінің өкілдері осы видеоға қатысты пікір білдірді.
Ведомство мәліметінше, күдікті қызға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 1-бөлігі бойынша ("Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу") сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалды.
"Биыл 20 тамызда жол-патрульдік полиция қызметкерлері көшеде белгісіз заттарды көміп жатқан 17 жастағы қызды байқаған. Кейіннен олар жедел тергеу тобы мен қыздың ата-анасын шақырған. Қыздан жауап алу кезінде ол өзінің курьер екенін және кішкентай пакеттерді көміп жатқан кезінде ішінде не болғанын білмегенін айтқан. Бірақ кейінірек ол 17 осындай түйіншекті көміп тастағанын мойындаған. Қазіргі уақытта осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр", - деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.