​Қарағандыда гемодиализ қабылдайтын науқастардың жағдайы күрт нашарлаған

0
1 142

Тамырға құйылатын сапасыз сұйықтық ағзамызды улап жатыр дейді науқастар.


​Қарағандыда гемодиализ қабылдайтын науқастардың жағдайы күрт нашарлаған

фото кадрдан

Қарағандыда жеке клиникада гемодиализ қабылдайтын науқастар наразалық білдірді, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Бүйрегі істен шыққандар осы ем шараны ауыр өткеретіні өз алдына, гемодиализден кейін жүрегі айнып, қан қысымы көтеріліп кетеді екен. Себебі, тамырға құйылатын сапасыз сұйықтық ағзамызды улап жатыр дейді жиналғандар.

"Қан қысымдары 100-120 болған адамдардың қан қысымы 160-180 болып кетіп жатыр. Дірілдеп-қалшылдап жатыр. Жалпы бұл суға біздің өміріміз тәуелді. Қан қысымым өте төмен, әлсізбін, өте әлсізбін. Шашым қатты түсіп жатыр. Енді оны көрсетуге де ұят шығар", - деді Қарағанды қаласының тұрғыны Айжан Жаңбыршина.

Мүгедектер бұл өзгерістерді соңғы жарты жылдан бері сезіне бастаған. Әдетте гемодиализден кейін есін жинап қалатын олар, қазір, керісінше, үйге сүйретіліп әрең жететін болдық дейді. Олардың айтуынша ағзаны тазалайтын арнайы сұйықтықта бір гәп бар. Сондықтан сапасын тексеруді талап етуде. Тіпті оның сынамасын өздері алып, тәуелсіз зертханаға жіберуге де ойы болған.

Алайда клиника басшылығы құзырлы орган өкілдеріне болмаса, көлденең көк аттыға сұйықтықты ұстатып жібермейтінін айтқан. Клинакадағы ем-шаралардан кейін жағдайы күрт нашарлап кететін мүгедектер енді арнайы мекемеге арызданамыз дейді.

"Арызданушылар тікелей біздің мекемеге келіп, өз уежін айта алады. Біз соның негізінде тексеріс ашамыз. Комиссия құрылады. Оның құрамына облыстық денсаулық сақтау басқармасы, біздің мамандармен қатар, тәуелсіз нефролог та кіреді. Ол гемодиализ аппаратының, ағзаға құйылатын сұйықтықтың сапасын тексеріп бағасын береді. Кемшіліктер анықталса, іс құзырлы органдарға жолданады", - дейді Қарағанды облысы медициналық қызмет сапасын бақылау департаменті басшысының орынбасары Наталья Нармағамбетова.