Карантинде басы дауға қалған алматылық полицей басшылық қызметке тағайындалды

0
1 072

​Алматы облысы полиция департаментінің түсіндіруінше, Жанболат Зиадиннің қазіргі атқарып отырған лауазымы алдыңғы қызметінен бір саты төмен.


Карантинде басы дауға қалған алматылық полицей басшылық қызметке тағайындалды

ERNUR.KZ. Алматы криминалдық полициясының бұрынғы басшысы Жанболат Зиадин жаң қызметке орналасты. Ол Талғар аудандық полиция басқармасының басшысы болып тағайындалды, деп жазады sputnik.kz.

Бір жыл бұрын полиция қызметкерінің басы дауға қалған болатын. Ол Алматыдағы бақылау-өткізу пунктінен еш кедергісіз өтіп кеткен автомобильдер кортежінің ішінде болған.

Кейіннен Жанболат Зиадиннің кең дастархан басында көңіл-көтеріп отырған видеосы да жарияланды. Бұл жазба бір жыл бұрын әлеуметтік желіде кең тараған болатын. Осы жанжалдан кейін 2020 жылдың сәуірінде ол криминалды полиция басқармасы басшысының қызметінен босатылды. Сондай-ақ, патрульдік полиция жасағы басшысының орынбасары қызметінен де кетті.

Ал 2021 жылдың 5 ақпанында Зиадин Талғар аудандық полиция басқармасының басшысы етіп тағайындалған. Бұл туралы ақпарат қоғамда енді белгілі болды. Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл қызмет Жанболат Зиадиннің алдыңғы қызметінен бір саты төмен.

"Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 65-бабының 3-тармағына сәйкес, "әрбір тәртіптік теріс қылық үшін қызметкерге бір тәртіптік жаза ғана қолданылады", – деп түсіндірді департамент өкілдері.

Айта кетейік, полиция полковнигі Зиадин ішкі істер органдарында 20 жылдан астам уақыттан бері еңбек еткен және түрлі басшылық қызметтер атқарған.