Сексен жылдық мерейтой қарсаңында елордада Елбасыға ескерткіш ашылды, президент Қасым-Жомарт Тоқаев карантинге байланысты шараға онлайн қатысты.
ERNUR.KZ. Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сексен жасқа толды. 6 шілде күні республикада Астана күні де аталып өтеді, деп жазады sputniknews.kz.
Елбасының мерейтойы коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған карантинмен тұспа-тұс келіп тұр. Осыған байланысты елде бұқаралық шараларға, мерекелік концерттер мен сауық-сайранға тыйым салынған. Мерекелік шаралар онлайн форматқа ауыстырылды.
Әлемді жайлаған індет тұңғыш президентті де айналып өтпеді. Коронавирус жұқтырған Назарбаев екі апта бойы өзін оқшаулап, қашықтан жұмыс істеді. Жуырда, 2 шілде күні Елбасының баспасөз қызметі жақсы жаңалықты бөлісті. Тұңғыш президенттің соңғы тапсырған тесті теріс нәтиже көрсеткен.
"Халқыммен бірге бұл сырқаттың бүкіл ауыртпашылығын сезіндім, қазір емделіп жатқандардың бәріне төзім мен қажыр-қайрат және тезірек сауығып кетулерін тілеймін", - деді ол сауығып кетуіне тілектестік білдіргендерге ризашылығын жеткізіп.
Жаңа ескерткіш
Сексен жылдық мерейтой қарсаңында Нұр-Сұлтандағы Ұлттық қорғаныс университетінде Нұрсұлтан Назарбаевқа монумент ашылды.
Шараға онлайн қатысқан президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Қарулы күштері тұңғыш президенттің жарлығымен құрылғандықтан, ескерткіштің Ұлттық қорғаныс университетінде орнатылуының символдық мәні зор екенін атап өтті.
Ескерткіштің жалпы биіктігі 6,6 метрді құрайды. Мүсін қоладан жасалған. Мүсінші Ербол Зиябеков бұл композицияға бес жылын сарп етіпті.
Қарулы күштердің құрылуы мен дамуына қосқан орасан зор үлесін көрсету үшін Назарбаевқа әскери форма кигізген.
Елбасыны кімдер құттықтап жатыр
Қазақстанның тұңғыш президентіне елорда күні мен 80 жылдық мерейтойына орай құттықтау хаттар келіп жатыр.
Ресей президенті Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевқа арнайы видеоқұттықтау жолдады. Көрші ел басшысы Назарбаевпен көпжылдық достығын қадірлейтінін және мақтан тұтатынын жеткізді.
Сонымен қатар, Елбасыны туған күнімен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Армения президенті Армен Саркисян, Түркияның бұрынғы басшысы Абдулла Гүл, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Грузия президенті Саломе Зурабишвили, Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ, Сингапур премьер-министрі Ли Сиань Лун, Молдова президенті Игорь Додон, Ауғанстан президенті Ашраф Ғани, Израиль мемлекетінің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху, Испания королі Фелипе, Монако князі II Альбер және тағы басқалары құттықтады.
Назарбаев туралы қызықты деректер
Нұрсұлтан Назарбаев 1940 жылы 6 шілдеде Іле Алатауының баурайындағы Үшқоңыр жайлауында Әбіш пен Әлжан Назарбаевтардың шаңырағында дүниеге келді. Нұрсұлтан деген есімді туған әжесі қойған.
Дүниеге келгенде болашақ президенттің салмағы 5 келі болған. Сәби күнінде ұшқыш болуды армандаған, ал мектеп қабырғасында химия ғылымына бет бұрғысы келген.
Еңбек жолын 1960 жылы Қарағанды облысы Теміртау қаласында "Қазметаллургқұрылыс" тресінде қарапайым жұмысшы болып бастады.
Елбасы саламатты өмір салтын және спортпен шұғылдануды белсене насихаттайды. Сүйікті спорт түрінің бірі – теннис. Нұрсұлтан Назарбаев ракетканы еркін меңгерген және кортқа жүйелі түрде шығып тұрады.
Тұңғыш президент гольфке де әуес. Ал тау шаңғысымен алғаш рет 55 жасында айналыса бастаған.
Ұлттық аспап – домбырада жақсы ойнайды.
Тұңғыш президент жұбайы Сара Назарбаевамен Дариға, Динара және Әлия есімді үш қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде Елбасының үш қызынан тоғыз жиені бар.
Назарбаевтың отставкасы
Мемлекетті отыз жыл басқарған Назарбаев 2019 жылдың 19 наурызында президент ретінде өкілеттігін тоқтатты.
Десе де, ол Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы мәртебесіне ие, бұған қоса елеулі өкілеттігі бар Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығы берілген.
Сонымен қатар, "Nur Otan" партиясының төрағасы, Конституциялық кеңестің мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы.
Елбасының есімін мәңгі есте қалдыру үшін ел астанасының атауы Нұр-Сұлтан деп өзгертілді.