Қария 62 жастағы ұлының қолынан мерт болды.
ERNUR.KZ. Арақ ішіп алған Көкшетау қаласының тұрғыны 92 жастағы анасын басынан кірпішпен ұрып өлтірді, деп жазады ҚазАқпарат.
Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазанның 2-сінде Көкшетау қалалық полиция бөліміне ер адам хабарласып, 92 жастағы қарт анасының қайтыс болғанын айтқан. Ер адамның сөзінше, анасы құлап мерт болған. Алайда, тергеу барысында қарияның құлағаннан емес, 62 жастағы ұлының қолынан мерт болғаны анықталды.
«Оқиға орнына дереу жедел тергеу тобы барды. Тергеу барысында анықталғандай, арақ ішіп алған ер адам анасымен сөзге келіп қалып, оны басынан бірнеше рет кірпішпен ұрған. Кейін өзі полицияға қоңырау шалып, қайғылы жағдай туралы хабарлайды және дәрігерлерді шақырып, жазатайым оқиға ретінде көрсеткісі келеді. Артынан қылмысын толық мойындады», - деді ведомстводан.
Қазіргі кезде күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамалып, үстінен Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі (кісі өлтіру) бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.