Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 165 млрд теңге көлемінде баж салығының бюджетке түспеу себебін түсіндірді.
ERNUR.KZ. Мамыр айының басында Қазақстан бас прокуратурасы кеден бекеттерінде тексеріс кезінде "кедендік төлемдерден жалтару және тауарларды сәйкесінше декларацияламау фактілері анықталды, соның салдарынан мемлекетке 165 млрд теңге көлемінде шығын келді", - деп жазады azattyq.org.
Министрдің айтуынша, қазір шығын болған 165 млрд теңгені толығымен бюджетке түсіру үшін ведомство бар күш-жігерін салып жатыр. Биыл кеденнен былтырға қарағанда 25 пайызға артық кіріс түскен.
"Жалпы жыл басынан бері кеден саласынан тауарларға төленетін салық пенен баж салығының есебінен 175 млрд теңгеден астам қаражат түсті. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 25 пайызға артық", – деді Ерұлан Жамаубаев.
"Неге кеденнен түсетін кіріс былтыр аз болған?" деген сұраққа министр "оның басты себебі пандемия" деп жауап берді.
"Былтыр және алдыңғы жылы қиын болды. Негізгі себеп – пандемия. Одан соң, Қытаймен шекара жабық болды. Қытаймен шекара енді-енді ашылып жатыр. Қытайдағы карантин режимі әлі жойылған жоқ" деді министр.