Қаржы министрлігі алаяқ пирамидалардың 6 белгісін атады

0
690

Алматыда құны 15 мың теңгеден басталатын «сертификаттар» сату арқылы 5 облыстың тұрғындарынан ақша жинаған зергерлік дүкендерінің басшылары тергеуге алынды.


Қаржы министрлігі алаяқ пирамидалардың 6 белгісін атады

ERNUR.KZ. Жыл басынан бері Қазақстанда 35 қаржы пирамидасы құрылған. Бұл Қаржы министрлігі білетіндері ғана. Қазір Батыс Қазақстан облысында қаржы пирамидасын ұйымдастыру арқылы азаматтардың 612 млн теңгеден астам қаражатын алдап алған «R.O.I. Club» ЖШС қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс тергелуде. Ал Алматыда құны 15 мың теңгеден басталатын «сертификаттар» сату арқылы 5 облыстың тұрғындарынан ақша жинаған «B2B Jewelry» зергерлік дүкендерінің басшылары тергеуге алынды, деп жазады inbusiness.kz.

Қаржы министрлігінің дерегі бойынша, бұл ұйымның әрекетінен 10 мыңнан астам зардап шеккен. Жалпы шығын сомасы 250 миллион теңгеден астам. Қаржы мониторингі комитетінің мамандары оңай олжа ұсыну арқылы қалтаны қағатын қаржы пирамидаларын мына белгілері арқылы ажыратуға болатынын айтады.

1. Адам айтса нанғысыз үстеме табыс уәде етеді.

2. Шынайы экономикалық немесе инвестициялық қызметпен айналыспай, тауарлық, несиелік, туристік немес құрылыс компаниясының атын бүркенеді. Ал шындап келгенде алғашқы салымшылар жаңадан кірген салымшылардың жарнасы есебінен табысқа кенеледі.

3. Жобалардың материалдық-құқықтық базасы жоқ. Яғни асыра мақталғанымен, көбі жаңадан құрылған болып шығады. Қаржылық есебі жоқ, клиентпен келісімді сирек жасайды. Жасаған күннің өзінде онысы бір тараптың пайдасына ғана көздейді. Ол келісімі ҚР заңнамасына сәйкес келмейді.

4. Сөз жүзінде ондай компанияның айналыспайтын саласы жоқ. Осы мифтер арқылы пирамида өкілдері айқын әрі нақты қызметінің жоқтығын жасырады. 5. Әлеуметтік желі арқылы мазасыз жарнама жасайды. Жарнаманы бұлайша таратуға Қазақстанның «Жарнама туралы» Заңы рұқсат етпегендіктен, әлеуметтік желі мен мессенджерлерге арқа сүйейді.

6. Ұлттық банк берген лицензиясының болмауы. Сыйақының мерзімі мен мөлшерлемесі көрсетілген кез келген салым депозит болып саналады. Халықтан салым алу үшін ҚР Ұлттық банкінің лицензиясы қажет.


«Бізде ондай лицензия екінші деңгейдегі банктерде бар. Заң бойынша банктер салынған қаражаттың қайта берілуіне кепілдік береді. Ал қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардан ол туралы сұрасаңыз, өздеріне Ұлттық банктің лицензиясы қажет еместігін айтады. Егер қаржы пирамидасының әрекетіне ұшырағаныңыз туралы күдігіңіз болса, комитетке келесі сенім телефондары арқылы хабарласуды сұраймыз: 8 (7172) 708-478, 8 (7172) 709-920.Пирамиданы құру және басқару үшін қылмыстық жауапкершілік ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабына сәйкес қарастырылған», – деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.