Сенат екінші оқылымда қаржы пирамидасын құруға жауапкершілікті күшейту туралы заңға түзетулерді мақұлдады.
ERNUR.KZ. Заң жобасы Қылмыстық кодекске жаңа, "Қаржылық, инвестициялық пирамидаларды жарнамалау" туралы бап енгізуді ұсынады, - деп жазады Tengrinews.kz.
"Заң жобасының мақсаты - қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құрғаны және оған басшылық жасағаны үшін жауаптылықты күшейту, сондай-ақ азаматтарды қаржылық пирамидаға тартуға алып келген ақпаратты (жарнаманы) таратқаны үшін қылмыстық жауаптылықты заңнамалық реттеуді қамтамасыз ету", - дейді сенаторлар.
Заң жобасына сәйкес, қылмыстық, қылмыстық-процестік кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Заң жобасының негізгі міндеттері:
- қаржылық (инвестициялық) пирамидаларды құрғаны және оларға басшылық жасағаны үшін жазаны қатаңдату;
- қаржылық (инвестициялық) пирамида ақпаратын айтарлықтай залал келтіре отырып, оған адамдарды тартуға алып келген жеке және тікелей таратқаны үшін, оның ішінде электрондық ақпараттық ресурстар арқылы таратқаны үшін қылмыстық жауаптылықты енгізу;
- қаржылық (инвестициялық) пирамидаларды жарнамалағаны үшін тергеуге жататындығын айқындау болып табылады.
Заң жобасын іске асырудан күтілетін нәтижелер:
- азаматтарды қаржылық (инвестициялық) пирамидаға тарту, оның ішінде қаржылық (инвестициялық) пирамидаларды құру жөніндегі қылмыстық пиғылдың алдын алу;
- қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметінен зардап шеккен азаматтар арасындағы әлеуметтік шиеленісті төмендету.