"Қасақана от қойған": Атырау облысында өрт кезінде қаза тапқан қос баланың анасы да көз жұмды

0
307

Ал әйелмен бірге ауруханаға түскен ер адам есін біледі.


ERNUR.KZ. Атырау облысында пәтері өртеніп, екі баласынан айырылған ана да ауруханада жан тапсырды, деп жазады zakon.kz.

Бұл туралы 29 сәуірде "Мой город" басылымы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

"26 сәуірде сағат 3:30-да жансақтау бөлімінде балалардың анасы да көз жұмды. Әйелдің терісінің 90-95% күйік шалған. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалаған болатын", делінген хабарламада.

Ал әйелмен бірге ауруханаға түскен ер адам есін білетіні нақтыланады. Ол Индер аудандық ауруханасында ем алып жатыр. Оның жағдайы орташа ауырлық дәрежесі деңгейінде бағаланады.

Бұған дейін хабарланғандай, 2024 жылы 25 сәуірге қараған түні Атырау облысының Индер ауданында бес қабатты үйдің терезелерінің бірінен түтін будақтап жатқаны туралы ақпарат жедел қызметтің бірыңғай нөміріне (112) келіп түскен болатын. Оқиға орнына келіп жеткен өрт сөндірушілер екінші қабаттағы пәтердің отқа оранғанын анықтады. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жатын бөлмеден 10 және 7 жастағы балалардың денесін тапты. Олардың анасы мен бірге тұратын ер адам ауруханаға жатқызылды.

Кейінірек полиция департаменті пәтерге от қойылғанын хабарлады. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында күдікті ұсталды.