Kaspi Bank ғимаратын басып алған жігіт оның алдында өзін өлтіру үшін дәрі ішкен

0
1 616

Зардап шегушілер мен айыптының адвокаты сот процесін видеоға түсіруге қарсы шықты, ал айыпты Әлихан Мурадов түсірілімге қарсылық білдірмеді.


Kaspi Bank ғимаратын басып алған жігіт оның алдында өзін өлтіру үшін дәрі ішкен

ERNUR.KZ. Биыл маусымда қаруланған белгісіз ер адам елордадағы Kaspi Bank ғимаратына шабуыл жасаған еді. Бұл жағдай қоғамды дүрліктіріп, оқиға орнына еліміздің Ішкі істер министрі мен елорда әкімі келді. Бүгін іс бойынша алғашқы сот отырысы өтті, деп жазады ҚазАпарат.

Айта кетсек, зардап шегушілер мен айыптының адвокаты сот процесін видеоға түсіруге қарсы шықты, ал айыпты Әлихан Мурадов түсірілімге қарсылық білдірмеді.

Сотталушыға тағылған айыпты прокурор Ақшораев оқыды.

«Тергеу нұсқасына сәйкес, Ә. Мурадов дәрі-дәрмек қолдану арқылы өзін-өзі өлтіру жөнінде шешім қабылдаған. Бірақ препараттың қажетті әсерін алмағандықтан банкті басып алу жоспарын ойлап тапты. Ол банктен мұқтаж жандарға қаражат талап еткісі келді, содан кейін оны ұстау кезінде қызметкерлер атып тастайды деп ойлады. Ә. Мурадов қолда бар құралдардан жарылғыш құрылғының муляжын жасады. Сыйлық дүкенінен жеңіл тапанша сатып алған. Сол арқылы банк бөлімшесіне шабуыл жасап, банк қызметкерлерін кепілге алды. Осылайша Ә. Мурадов ҚР Қылмыстың кодекстің 261-бабы, 4-тармағының 2-бөлігінде көзделген әрекетке барды (кепілге алу)», - деп атап өтті ол.

Сот барысында зардап шеккендердің де пікірі тыңдалды.

«Шынымды айтсам, мен және басқа да кепілге алынған қыздар психологиялық тұрғыдан қатты қорқып қалдық. Сондықтан айыптыны кешірдім деп айта алмаймын, шешімді соттың қалауына қалдырамын», - дейді жәбірленуші Анастасия Лукьянова.

Өз кезегінде айырталушы кешірім сұрады.

«Кешірім сұрағым келеді. Ешкімге зиянымды тигізгім келмеді», - деді өз кезегінде Әлихан Мурадов сот алдында.

Еске сала кетсек, биыл 18 маусымда қаруланған ер адам елордадағы Kaspi банк ғимаратында бірнеше кісіні тұтқында ұстап отырды.