Kaspi Bank-ке шабуыл жасаған күдікті ІІМ басшысымен қалай келіссөз жүргізгенін айтты

0
1 194

17 маусымда жоспарлап, ғимаратқа келгенін айтты.


Kaspi Bank-ке шабуыл жасаған күдікті ІІМ басшысымен қалай келіссөз жүргізгенін айтты

ERNUR.KZ. Астана қаласы ауданаралық қылмыстық соты Kaspi Bank ғимаратына шабуыл жасаған Әлихан Мурадовтың ісін қарап жатыр, деп жазады ҚазАқпарат.

Айыпты тергеу кезінде банк бөлімшесіне шабуыл жасауды 17 маусымда жоспарлап, ғимаратқа келгенін айтты. Дегенмен ол аяқ астынан ойынан бас тартқан. Сөйтіп 18 маусым күні қайта келген.

«Банктің ең жақын бөлімшесін 2ГИС арқылы таптым. Күтпеген жерден банкке барғым келді. Мен Kaspi Bank-тің осы филиалына баруды жоспарладым. Ұялы телефонымның қуаты бітіп, жақын маңдағы дүкенге бардым, содан соң банк бөлімшесіне бардым. Ол жерде адам көп болды, сондықтан ешкім зардап шекпесін деп ойымнан бас тарттым», - деді Әлихан Мурадов сот барысында. Сондай-ақ, сотталушы банк ғимаратына шабуыл жасаған кезде есірткі қабылдамағанын, бірақ сыра ішкенін айтты. «Каспий банк активтерінің бір бөлігін қайырымдылық қоры шоттарына аударуды сұрадым. Банкке шабуыл жасаудан бірнеше күні бұрын досымның қызы қайтыс болды. Маған біреуін ұстап тұру жеткілікті деп ойладым», - дейді ол.

Одан бөлек, тергеуші Ә.Мурадовтан Ішкі істер министрі жүргізген келіссөз туралы сұрады.

«Мен оның министр екенін білмедім. Кепілге алған қыздан интернеттен оның кім екенін қарап беруді сұрадым, содан кейін ғана кім екенін түсіндім. Сосын министр өзін таныстырып, өз-өзіме келуімді сұрады. Сонымен қатар кепілге алған азаматтарды босатсам, олардың орнына өзі қалатынын айтты. Менде министрді кепілге алу туралы ой болған емес. Министр келгеннен кейін істің насырға шапқанын түсіндім», - деген жауап қатты айыпты.

Сот отырысы жалғасып жатыр.

Еске сала кетсек, биыл 18 маусымда қаруланған ер адам елордадағы Kaspi банк ғимаратында бірнеше кісіні тұтқында ұстап отырды.

Араға уақыт салып аталған банктің баспасөз қызметі ғимаратта клиенттердің жоқтығын және полиция қызметкерлерінің күдіктімен келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Оқиға орнына Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов барды.

Полиция қызметкерлері кепілдегі азаматтарды босатып алды.

23 тамызда Kaspi Bank ғимаратына жасалған шабуыл бойынша қылмыстық іс сотқа жеткенін хабарлаған едік.

Айта кетсек, 29 тамызда өткен алғашқы сот отырысында Kaspi Bank ғимаратын басып алған жігіт оның алдында өзін өлтіру үшін дәрі ішкені белгілі болды.

Одан бөлек, Kaspi банк қызметкері ғимаратқа шабуылдау оқиғасын бастан-аяқ айтып берген еді.