Каспий теңізінде «Түркістан» кемесінен шыққан өртке байланысты тергеу жүргізіледі

0
2 723

«Түркістан» кемесі тергеу және жөндеу жүргізу үшін Зира портына (Әзербайжан) жеткізілді.


Каспий теңізінде «Түркістан» кемесінен шыққан өртке байланысты тергеу жүргізіледі

ERNUR.KZ. 8 ақпанда Говсан портынан (Әзербайжан) Ақтау портына бағыт алған «Түркістан» кемесінен өрт шыққан. Кеменің сол жақ бас қозғалтқышының газ түтігі қаптамасы жанып кеткен, деп жазады ҚазАқпарат.

«Өрт Әзербайжан Республикасының аумақтық суларынан тыс, Чилов аралынан 30 миль қашықтықта орын алған. Экипажда 10 адам болды (4 ҚР азаматы, 6 РФ азаматы). Ешкім зардап шекпеген. Бортта жүк болған жоқ», – делінген ведомство хабарламасында.

Өртті сөндіру көмірқышқылды ауқымды өрт сөндіру стационарлық жүйесімен жүргізілді. Тілсіз жау ауыздықталды. Негізгі қозғалтқыш істен шыққандықтан, кеменің әрі қарай жүзуі мүмкін емес. Дегенмен күрделі ақаулар, корпус тұтастығының бұзылуы, су ағысы жоқ.


«9 ақпанда «ЯРЕНГА» буксирінің көмегімен кемені сүйреу ұйымдастырылды. 10 ақпанда «Түркістан» кемесі тергеу және жөндеу жүргізу үшін Зира портына (Әзербайжан) жеткізілді. Қазіргі уақытта кеме айлақта», – деп түсіндірді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.