Қазақ баласын құшағыма басқанда өз ұлым екенін сездім – америкалық ата-аналар Қазақстанға қыдырып келді

0
1 076

АҚШ-тың Солтүстік Каролина штатында тұратын Чарли мен Аманда Эндрьюс Қазақстанда бірнеше рет болған және 2002 жылы Орал қаласынан бір ұл, бір қыз асырап алған.


Қазақ баласын құшағыма басқанда өз ұлым екенін сездім – америкалық ата-аналар Қазақстанға қыдырып келді

ERNUR.KZ. АҚШ азаматтары асырап алған қазақ балалары тарихи отанына сапарлап келді. Шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы («Менің Отаным – Қазақстан» жобасы) аясында ұйымдастырылған. Оған ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстандағы АҚШ елшілігі қолдау көрсеткен, деп жазады ҚазАқпарат.

«Бұл бағдарлама үш жылға жоспарланған. Биыл пилоттық жоба ретінде өтеді. 1-5 шілде аралығында Қазақстанға Испания мен Италиядан екі отбасы (6 адам) келді. Енді АҚШ-тан 64 адам (30 бала мен 34 ата-ана) келді. Көптеген шетелдік ата-ана бұл сапарға келісім берді. Олардың біразы келесі жылға жазылып қойды», - дейді ҚР СІМ Консулдық қызмет депаратментінің бас маманы Әсем Бәйтішова.

Ә. Бәйтішованың айтуынша, Қазақстаннан 8 704 баланы шетелдіктер асырап алған. Оның 6 мыңға жуығы АҚШ-қа жіберілген. Одан бөлек, балалардың көпшілігі Италия, Испания, Канада, Бельгия, Франция, Ұлыбритания елдерінде тұрады. Бағдарлама қатысушыларының бірі – 14 жастағы Зэндор Шэнон Фролик тарихи отанына АҚШ-тың Колорадо штатынан келді. Флориктер отбасы Зэндорды 2005 жылы 5 айлығында асырап алған.

«Мен Қазақстанның Семей қаласында туғанмын, ал әпкем Қытайда дүниеге келген. Нұр-Сұлтан қаласы ұнады, ғимараттары ерекше екен. Қазақстанға келіп тұратын шығармын, бірақ көшу туралы ойламадым. Өскенде кәсіби мотоциклист және кәсіпкер болғым келеді. Қазақша ешқандай сөз білмеймін», - дейді ол.

Зэндордың анасы Азия елдерінен бала асырап алуды армандағанын айтты.

«Біз Азия елдерінен бала асырап алуды армандап едік. Зэндорға дейін Қытайдан қыз бала алдық. Кейінірек, тағы бір сәби сүйгіміз келіп, көршілес Қазақстанға жүгіндік. Зэндормен алғашқы кездесуіміз есімде. Жөргектегі сәби еді. Оны құшағыма басқанда, менің ұлым екенін түсіндім. Содан кейін Қазақстанға енді келіп тұрмыз. Кеше этноауылға барып, қазақ ойындарын тамашаладық. Бәйтерекке міндік. Тағамдардан палау мен бауырсақ ерекше ұнады. Әрине, баламызға қазақ мәдениетін білуі қажеттігін жиі айтамыз», - деді Зэндордың анасы Линда Фролик.

АҚШ-тың Солтүстік Каролина штатында тұратын Чарли мен Аманда Эндрьюс Қазақстанда бірнеше рет болған және 2002 жылы Орал қаласынан бір ұл, бір қыз асырап алған.

«Сэм мен Алисаны бір мезгілде асырап алдық. Қазір олар 18 және 17 жаста. Қазақстан бізге ұнайды, сондықтан осы елден сәби алғымыз келді. Алғашқы кездесуде біз қатты қобалжыдық. Балалар да толқыған шығар. Олар әр түрлі топтан еді. Не бірін-бірі білмейді, не бізді танымайды. Қазақстанның халқы ұнағандықтан, дәл осы елден сәби алғымыз келді. Орал қаласын арнайы таңдамадық, бар болғаны біз жүгінген агенттік оралдықтармен жұмыс істеді. Ертең Орал қаласына арнайы барамыз», - деді Чарли Эндрьюс.

Сэм мен Алиса бір жастарында мұхит асқан және ес білгелі Қазақстанға алғаш рет келіп отыр.

«Мені асырап алғанда бір жасар болған екенмін. Ал биыл мектеп бітірдім. Үйге барған соң, колледжге құжат тапсырамын. Халықаралық бизнес бойынша білім алғым келеді. Алиса мектепке барады. Бос уақытта соккер (америкалық футбол) ойнағанды ұнатамыз. Болашақта қазақ тілін үйренгім келеді», - деді Сэм Эндрьюс.

Анасының айтуынша, АҚШ-та Қазақстаннан бала асырап алғандар жиі басқосу ұйымдастырып тұрады.

«Мұндай кездесудің мақсаты – қазақ балаларын бір-бірімен таныстырып, достастыру. Өзіміз де басқа ата-аналармен танысып, пікірлесеміз. Жыл сайын балаларды асырап алған күні қазақтың ұлттық тағамы – ет әзірлейміз», - дейді Аманда Эндрьюс.

Сондай-ақ, Солтүстік Каролина штатының тұрғыны Рич пен Дженин Кламп та балаларына тарихи отандарын көрсетуді ұйғарған.

«Чарлидің бастапқы аты Евгений еді, біз оны 2003 жылы бір жасында асырап алдық. Маллидің қазақша аты – Айкүн. Оны 2007 жылы екі жасында алдық. Біз бала өсіруді ұзақ зерттедік. Балаларды Қазақстанда алғаш жолықтырғаннан бастап жақсы көріп кеттік. Жұбайым екеумізге бұл – үлкен өмірлік тәжірибе. Біз осылар үшін жаралған сияқтымыз. Біз – толыққанды отбасымыз», - дейді балалардың әкесі Рич Кламп.

Чарли 17 жаста, ол ақпараттық технологиялар мен киберқауіпсіздік саласында жұмыс істегісі келеді. Маллидің жасы 14-те. Ол өскенде дәрігер болғысы келеді.

«Біз аздап орыс тілін білеміз. Әрине, қазақ тілін үйрену де жоспарымызда бар», - деді Малли.

«Мен балаларға, әсіресе Маллиге «Болмайды» деген қазақша сөзді жиі айтамын, - деп күлді әкесі, - Ғаламтордан қазақ мәдениетіне қатысты мәліметті жиі іздейміз. Қазақша ет пен бауырсақ пісіреміз. Қазақтар сондай қонақжай. Ертең балалар дүниеге келген қалалар - Оралға және Алматыға барамыз».

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шетелдік қонақтар 13-23 шілде аралығында Қазақстанда түрлі шараларға қатысады. ЭКСПО, Ұлттық музей, Бәйтерек сынды елорданың туристік нысандарынан бастап, Алматының тауларын тамашалайды. Этноауылда қазақтың ұлттық ойындарымен, тағамдарымен, салт-дәстүрімен танысады. Бүркіт ұстап, атқа мінеді. Сондай-ақ, балалар ата-анасымен өздері дүниеге келген Қарағанды, Семей, Орал және т.б. өңірлерге барады.