Өзбекстан елінде тұңғыш рет жеке көрмесі өтіп жатқан қазақ суретшісінің туындыларын тамашалауға келген жұрттың қарасы қалың.
ERNUR.KZ. Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласындағы орталық көрме залында белгілі суретші, ҚР Мәдениет қайраткері Батухан Байменнің «Nomad’s» атты жеке көрмесі өтті, деп жазады 24.kz.
Көрменің негізгі мақсаты – екі бауырлас елдер арасындағы мәдени байланысты нығайту, сондай-ақ көшпенділер тарихынан, түркілер рухынан сыр шертіп, рухани әсер ету.
Көрменің тұсаукесеріне Өзбекстан Суретшілер академиясының төрағасы Акмаль Нуридинов, Өзбекстанның Халық суретшісі Леким Ибрагимов сынды есімдері алты алашқа танымал қылқалам шеберлері қатысты. Сондай-ақ Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, суретші Насыр Рүстемов, Түркістан облысы Суретшілер одағының төрағасы Нұрлан Шилібаев, Түркістан облыстық Көркемсурет галереясының директоры Айнабек Оспанов тағы басқа өнер майталмандары мен өнерсүйер қауым өкілдері келді. 1500 шаршы метрлік залда суретшінің 150-ге жуық туындысы қойылған.
Ерекшелігі сол, графикалар үлкен көлемде салынған. Бұл линогравюра саласындағы тың жаңалықтың бірі деуге болады. Көрмеде суретшінің «Ауылым — алтын бесігім», «Абылай ханның түсі», «Көшпенділер», «Түркілер» және Абай мен Шыңғыс Айтматовтың шығармаларына топтама сынды бірнеше сериалар топтастырылған.Ташкент қаласының Орталық көрме залында өткен шарада суретші Батухан Баймен Өзбекстан Суретшілер Академиясының «Бауырлас елдер арасындағы достықты нығайтқаны үшін», Түркістан облыстық Құрмет ұйымының медальдарымен марапатталды.
Аталған көрме Ташкент қаласында 27 қыркүйекке дейін жалғасады.