Адам ұрлығы карантин кезінде де тыйылмаған.
Еліміз адам саудасы бойынша әлемде екінші орынға шықты! Қазақстанда жыл сайын 80-ге жуық адам құлдықтың құрбанына айналады екен, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Полицейлер небәрі 3 күнде адам саудасына қатысты 50-ден астам қылмыстың бетін ашқан. Оның ішінде шаруа қожалықтарында мәбүрлі түрде жұмысқа жегілгендер де бар. Ал қылмыстық топтар отандастарымызды алдап, Бахрейн,Түркия және Оңтүстік Кореяға сататын көрінеді.
1200-ге жуық отандасымыз қазір іздеуде. Яғни, ай мен күннің аманында іс-түссіз жоғалып кеткендер. Хабар-ошарсыз кеткендердердің көбі әдетте адам саудасының құрбанына айналады. Еркінен тыс жұмысқа жегіліп, ішкі ағзалары саудаланады. Я болмаса, сексуалдық құлдыққа салынып, шетел асады.
Туысыңмын деп жүрген әпкесі өзбекстандық бойжеткенді 13 жасынан бастап жезөкшелікке жеккен. «Қазақстанда жұмыс бар» деп алдап, қылмыстық топқа өз қолымен табыстап жібереді. Одан әрі қолдан қолға сатылып кете барады. Еліміздің құзырлы органдары бір жылда тап осылай адамдықтан аттаған 15 қаскүнемді анықтапты. Олар шетел азаматтарымен бірігіп, адам саудалаған.
"Ішкі нарықта да адам саудасына қатысты статистика жоғары. Биыл 10-12 қыркүйек арасында «Стоп трафик» жедел алдын алу іс-шарасы аясында Қазақстанның ішінде адам ұрлығы бойынша 50 факт әшкерленген. Олардың арасында жезөкшелік пен мал бақтыру, шаруашылық жұмыстарына еркінен тыс пайдалану жағдайлары көп. Күдіктілерге Қылмыстық Кодекстің 126- бабы негізінде іс қозғалды" - дейді ДУМАН ТАЕВ, ҚР ІІМ КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ.
Есет Байшолақовтың жалғыз ұлын шарқ ұрып іздеп жүргеніне жиырма күннің жүзі болды. Тал түсте үйінен шығып кетіп кері оралмапты. Елде адам жоғалудан Ақтөбе облысы алғашқы үштікте. Әсіресе, үйінен шығып кетіп, артынан хабар-ошарсыз кеткендер азаймай тұр. Олардың дені ер азаматтар.