Қазақстан – АҚШ арасындағы сауда айналым көлемі 36 пайызға артты

0
1 048

Америка Құрама Штаттары – Қазақстанның негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі.


Қазақстан – АҚШ арасындағы сауда айналым көлемі 36 пайызға артты

ERNUR.KZ. Вашингтонда Дүниежүзілік банк тобы мен ХВҚ Директорлар кеңесінің жыл сайынғы отырыстары аясында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов АҚШ Сауда Хатшысы Уилбур Росспен екіжақты кездесу өткізді, деп жазады Елорда Инфо.

Кездесу Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі жоғары деңгейлі кездесу аясында өтті. Бұл бастама ҚР Тұңғыш Президенті Елбасының 2018 жылғы қаңтарда жасаған сапары кезінде басталған болатын.

Кездесу барысында тараптар ішкі және сыртқы сауда, тауарлар мен қызметтерді экспорттау, коммерциялық және инвестициялық жобаларды іске асыру, Tyson Foods компаниясымен бірлескен жобалар, бірлескен жобаларға (AIFC) қаржылық қолдау көрсетудің екі жақты ынтымақтастық саласының мәселелерін, санкциялар саясаты, зияткерлік меншік және электрондық саудамәселелерін, сондай-ақ ДСҰ және ЭЫДҰ шеңберінде ынтымақтастықты талқылады.

Америка Құрама Штаттары – Қазақстанның негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы сауда айналым көлемі 2018 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда 36 пайызға артып, 2,2 млрд АҚШ долларын құрады.

2019 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша өткен жылдың ұқсас кезеңіндегі деректерді сақтай отырып, Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы тауар айналымы 1,4 миллиард долларды құрады.

Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту және оның жоғары серпінін қолдау үшін жеткізілетін тауарлар мен қызмет номенклатурасын кеңейту, іскер топтар арасында тікелей байланыс орнату бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру ұсынылды.

Қазақстандық тарап АҚШ-қа қазақстандық тауарлардың экспортын
50 тауар позициясы бойынша 802,1 млн АҚШ долларынан аса сомаға ұлғайтып, өзара саудадағы оңтайлы трендті нығайтуды ұсынды.