Қазақстан ауыл шаруашылығы жерлерінің ғарыштық мониторингін жетілдіреді

0
590

Қазақстанда 5 миллион гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланып отыр.


Қазақстан ауыл шаруашылығы жерлерінің ғарыштық мониторингін жетілдіреді

Қазақстанда пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару көлемін төрт есеге ұлғайту жоспарланып отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ премьер-министр сайтына сілтеме жасап.

Премьер-министр Әлихан Смайылов жер қатынастарын цифрландыру мәселелері бойынша кеңес өткізген, онда ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланудың ғарыштық мониторингі және оларды цифрландыру мәселелері қаралды.

Баяндама жасаған ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қазір "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" АҚ базасында ауыл шаруашылығы жерлеріне ғарыштық мониторинг жасаудың жетілдірілген нұсқасын енгізу пысықталып жатқанын мәлімдеді.

"Жер инспекторының кабинеті" жасалған, ол әр жерден алынған деректерді талдап, жер учаскесін ұтымсыз пайдалану белгілерін анықтауға және осындай фактілерге жедел жауап қайтаруға мүмкіндік береді. Бұл платформа 2022 жылдың жазында іске қосылады.

"Мемлекеттік бақылау әдістерінің пысықталуын ескере отырып, биыл мемлекетке қайтарылған пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерінің ауданын өткен жылмен салыстырғанда 4 есеге ұлғайту жоспарланып отыр: 2021 жылы 1,3 миллион гектар қайтарылды, 2022 жылы кемінде 5 миллион гектар қайтару жоспарда бар", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар министр ауыл шаруашылығы жерлерінің бәрін цифрландыру аяқталғаннан кейін ғарыштық мониторингтің тиімділігі жақсаратынын атап өтті. Бұл процесті 2024 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Премьер-министр айтылған тәсілдерді қолдап, осы бағыттағы жұмысты жеделдетуді тапсырды.