Қазақстан баспана салу жағынан ТМД елдері арасында көш бастады

0
2 039

Осы жылы республикада 13 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр.


Қазақстан баспана салу жағынан ТМД елдері арасында көш бастады

ERNUR.KZ. Қазақстан жан басына шаққанда тұрғын үйді пайдалануға беру жағынан ТМД елдері арасында бірінші орын алды. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр мәлімдеді, деп жазады sputniknews.kz.

"Қазақстан жан басына шаққанда тұрғын үйді пайдалануға беру жағынан ТМД елдері арасында бірінші орын алды. Қазақстанда бұл көрсеткіш – 0,68 шаршы метр, Ресейде – 0,54, Беларусьте – 0,40, ал Өзбекстанда – 0,36 шаршы метр", - деді Скляр "Нұрлы жер" мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыру барысы жайлы есеп беру кезінде.

Министр "Нұрлы жер" бағдарламасын жүзеге асыру одан әрі жалғасатынын атап өтті.

"Қазір бізде бір адамға шаққанда баспанамен қамту – орташа есеппен 24 шаршы метр. Біздің алдымызда бұл көрсеткішті 30 шаршы метрге жеткізу міндеті тұр", - деді ол.

Оның айтуынша, 2018 жылдың қорытындысы бойынша 12,5 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Тұрғын үй құрылысына 1,2 триллион теңге инвестиция құйылды.

"Нәтижесінде 113 мыңнан астам отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты. Осы жылдың қорытындысы бойынша біз 13 миллион шаршы метр баспана тұрғызуды жоспарлап отырмыз", - деді Скляр.

Баспана құрылысы жағынан өңірлердің басым көпшілігі жақсы нәтиже көрсеткен. Көш басында – Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары және Маңғыстау облысы. Қазақстан бойынша пайдалануға берілген тұрғын үйдің 45%-і осы өңірлерге тиесілі.

Ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында тіркеліп отыр.