Қазақстан БҰҰ-да марихуананы аса қауіпті есірткі заттары тізімінен шығаруға қарсы дауыс берді

0
903

Ведомство БҰҰ аясында марихуананы заңдастыру туралы ақпарат пайда болғаннан кейін түсініктеме берді.


Қазақстан БҰҰ-да марихуананы аса қауіпті есірткі заттары тізімінен шығаруға қарсы дауыс берді

ERNUR.KZ. Қазақстан делегациясы марихуананы аса қауіпті қасиеттері бар есірткі заттарының тізімінен шығаруға қарсы дауыс берді. Бұл туралы ҚР СІМ хабарында айтылады, деп жазады Tengrinews.kz.

Ведомство БҰҰ аясында марихуананы заңдастыру туралы ақпарат пайда болғаннан кейін түсініктеме берді.

2020 жылғы 2 желтоқсанда БҰҰ-ның Есірткі құралдары жөніндегі комиссиясында (ЕҚК) дауыс беру қорытындысы бойынша марихуана мен шайырды 1961 жылғы Есірткі құралдары жөніндегі Бірыңғай Конвенцияның "IV тізімінен" алып тастау туралы шешім қабылданды. Бұл тізімге ерекше қауіпті есірткілер кіреді.

Тізімге өзгерістер енгізуді ДДҰ сарапшылары ұсынды.

"Бұл ұсынысты қолдау үшін ЕО елдері мен АҚШ-ты қоса алғанда, ЕҚК-нің 53 мүшесінің 27-сі дауыс берді. Қазақстан делегациясы, сондай-ақ ЕҚК-ға мүше 24 мемлекет (Бразилия, Мысыр, Қытай, Ресей, Жапония және т.б.) қарсы дауыс берді", - деп хабарлады ведомстводағылар.

"IV тізімінен" шығарылғанына қарамастан, марихуана 1961 жылғы Конвенцияның негізгі "I тізіміне" сәйкес есірткі құралы болып қала берді, бұл оның осы Конвенция негізінде бақылаудың барлық түріне жататынын білдіреді.

"Осылайша, бұл БҰҰ аясында каннабисті заңдастыру туралы болып отырған жоқ. Осыған байланысты, ЕҚК отырысына қатысушылар бұл шешімнің салдары каннабиске халықаралық бақылаудың әлсіреуі болмайтынын, бұл әлі де халық денсаулығына елеулі қауіп төндіретінін атап өтті. Бұдан басқа, Конвенцияның 39-бабына сәйкес мемлекеттер осы Конвенцияда көзделгеннен гөрі есірткіні бақылаудың неғұрлым қатаң шараларын белгілеуге құқылы", - деп түсіндірмелер берді Қазақстан СІМ өкілдері.

Ведомство Қазақстанда және халықаралық конвенцияларға қатысушы басқа да көптеген елде марихуана мен оның туындыларының айналымына, сондай-ақ оқу және ғылыми мақсаттардан басқа құрамында есірткі бар дәрілерді өндіруге қатаң тыйым салынғанын атап өтті.

"Марихуана, гашиш және каннабистің басқа да туындылары халықтың, әсіресе балалар мен жастардың денсаулығы мен әл-ауқатына елеулі қатер төндіретінін ескере отырып, Қазақстан каннабисті бақылау шараларын өзгерту мәселелерінде ойластырылған тәсілдемелерді алдағы уақытта да ұстанады және осы мәселе бойынша халықаралық қоғамдастықпен тығыз ынтымақтастықты жалғастырады", - деп қорытындылады ведомстводағылар.