Қазақстан COVID-19-ға қарсы шетелдік вакциналардан бас тартуы мүмкін

0
798

Алдағы уақытта еліміз коронавирусқа қарсы шетелдік вакциналардан бас тартып, тек қана отандық QazVac қалдырылуы мүмкін.


Қазақстан COVID-19-ға қарсы шетелдік вакциналардан бас тартуы мүмкін

ERNUR.KZ. Бұл болжамды ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова келтіріп отыр, деп жазады ҚазАқпарат.

«Қазір еліміздің ай сайын 500 мың дозаға дейін QazVac вакцинасын шығару мүмкіндігі бар. Бұл ішкі сұранысты толық өтей алады. Алдағы тамыз-қыркүйекке қарай қосымша 500 мың доза QazVac қажет. Тапсырыс берілді. Сонымен қатар, Pfizer вакцинасын сатып алу бойынша келісім жүріп жатыр», - деді Айжан Есмағамбетова орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министр Pfizer вакцинасының тек жасөспірімдерге, жүкті және сәби емізетін әйелдерге ғана егілетінін ескертті.

«Басқа санаттағы азаматтарға коронавирусқа қарсы Sinopharm және QazVac вакцинасы ұсынылады. Ал, алдағы уақытта тек QazVac вакцинасы болуы мүмкін. Себебі, өндіріс көлемі ішкі сұранысты толық қамти алады», - дейді ол.

Сондай-ақ, Айжан Есмағамбетова шетелдік вакциналарды ақылы салдыруға қатысты пікір білдірді.

«Қазақстандықтардың коронавирусқа қарсы қалаған шетелдік вакцинаны салдырту мүмкіндігінің болуын біз де қалаймыз. Бірақ, ол біздің ғана қолымызда емес. Жеке өз басым Moderna және Pfizer вакцинасын өндірушілермен келіссөз жүргіздім. Өкінішке қарай, барлық жеткізушілер вакцинаның ақылы болуына қарсы, яғни кез келген шетелдік вакцина тек мемлекеттік келісімнің негізінде жеткізілуі тиіс», - деді еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері брифинг барысында.

Айта кетейік, Қазақстан 300 мың доза Pfizer вакцинасын сатып алмақ.

Сондай-ақ, елімізде коронавирусқа қарсы жаңа препарат емдеу хаттамасына енгізілуі мүмкін.