Қазақстан егіздердің тууы бойынша әлемде 48-ші орында

0
3 588

Қазақстанда егіздер ең көп дүниеге келетін Қызылорда мен Маңғыстау өңірі екен.


Қазақстан егіздердің тууы бойынша әлемде 48-ші орында

иллюстрациялық фото

Еліміз егіздерді дүниеге әкелуден әлем бойынша 48-ші орында екен. Бұл ретте Қызылорданың келіндері жарап тұр. Егіздерді көп туатын аймақ осы, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Алайда, ғалымдар Сыр өңірінің сырын әлі де анықтай алар емес. Бірі таза табиғаттан, өзгесі киелі топырақтан көреді. Дегенмен үлкендер сөйтіп екі ойлы жүргенде, елде егіздерді туудан алдына жан салмайтын тағы бір өңір белгілі болды. Бұл жолы батыста...Маңғыстау облысы, Үштаған ауылындағы Егіздер көшесі. Мұнда бір емес, екі емес, бірден жеті жұп егіз тұрады.

"Бұл енді Алланың берген сыйы шығар бізге. Тұқымымызда бар. Ауылымызда таза ауа, нәрлі, құнарлы. Сондықтан ауылымызда егіздер көп деп ойлаймын", дейді егіздердің анасы Бибігүл Аманқұсова.

Бұл ауылдағы ең кішкентай егіздер. Әке-шешесін әп-сәтте көп балалы қылған үйдің сүт кенжелері. Алайда әулеттерінде бұған дейін де егіздер болғасын, Тәңірдің бұл сыйына ата-анасы қатты таңғалмапты.

«Енді басқа ауылдарда мысалы егіздер бірен-саран, азғантайдан ғана. Ары кетсе 3-4. Біздің ауылда енді 30-дан жоғары. Бізге дейін де қанша егіз болған. Олар бізге енді беймәлім да», дейді егіздің сыңары Бексұлтан Нұрмұқанов.

Бексұлтанның Нұрсұлтан деген ағасы, Гүлмира мен Гүлзира есімді екі әпкесі бар. Иә, бұл отбасыда бірден екі егіз.

«Кейбір мұғалімдер айыра алмай жатады. Сол кезде атымызды сұрайды. Гүлмирасың ба сен, Гүлзирасың ба деп. Бағамызды ауыстырып қойыпжатады», егіздің сыңары Гүлмира Назарова.

Үйде де, түзде де, қысы-жазы, күзде де, бір парта, бір аудиторияда отырып, бір мұғалімнен тәлім алған егіз қыздардың жолы тек биыл ғана бөлінді. Бірі тұрмысқа шығып ауылда қалса, өзгесі қалаға жұмыс істеуге кетті. Енді күні бойы телефон арқылы сөйлесіп тұрады.

Қызығы, бұл әулетте бес бала. Яғни, ағалы-әпкелі қос егізден соң, дүниеге тағы бір қыз бала келді. Енді әке-шешесіне «менің сыңарым қайда?» деп ренжиді екен.

Елу жылда ел жаңа. Бұл әулетте егіздер әр жарты ғасыр сайын туады екен. Атасының, кейін әкесінің, енді балаларының да егізі бар. Ал жұптары жазылмаған жандардың бірі ауырып қалса, екіншісі сол күйге түседі, бір-бірін етене сезетіндері әуелден белгілі.

«Кішкентай кезде енді бірге жүрдік қой. Бірге киіндік. Қазір енді есейдік. Университетте оқимыз. Мамандықтарымыз әр түрлі. Бексұлтандікі мұғалім болса, менікі тау-кен ісіндегі өндірістік бағыт. Бексұлтанды алатын болсақ, сабақты жақсы оқиды. Ал мен сабақты қатты қызығып оқымаймын шыны керек», дейді егіздің сыңары Нұрсұлтан Нұрмұқанов.

Осы ретте, үлкендер 2000-ға жуық тұрғыны бар шағын ауылды өзгеден ерек қылатыны топырағының қасиеті дейді. Жатырды да, тамақты да, тіпті ішіндегі ауаны теңдей бөліскен егіздердің әрқайсысына ырыс-несібе телінген. Ауылдағы әр үйдің берекелі, әр күнінің мерекелі болуы да егіздердің арқасы деп біледі.