Қазнет пайдаланушыларын 2GIS қосымшасында зардап шеккен халықты қабылдау пункттерінің пайда болуы алаңдатуда.
ERNUR.KZ. Қазнет пайдаланушыларын 2GIS қосымшасында зардап шеккен халықты қабылдау пункттерінің пайда болуы алаңдатуда. Кейбір адамдардың пікірінше, бұл зардап шеккендерге көмек көрсету үшін емес, «халықты концлагерьлер мен газ камераларында жою» үшін қажет. Бұл - жалған, деп жазады Stopfake.kz.
Нұр-Сұлтан қаласының Төтенше жағдайлар департаменті зардап шеккен халықты қабылдау пункттері неге ашылатынын және олардың не үшін қажет екенін түсіндірді.
– Зардап шеккен халықты жинау пункттері 2014 жылғы 11 сәуірдегі «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңы 8-бабының 4-тармағына сәйкес ұйымдастырылды. Бұдан басқа, ҚР Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 6 наурыздағы №190 бұйрығының 5 – тарауына сәйкес зардап шеккен халықты қабылдау пункттері табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою кезеңінде зардап шеккен халықты уақытша орналастыруды ұйымдастыруға арналған, мысалы, қар құрсауы, тұрғын алаптарын су басу қаупі, өрт, қирау және т. б., – деп хабарлады ведомстводан.
Зардап шеккен халықты қабылдау пункттері, әдетте, қиын жағдайға тап болған адамдарды уақытша орналастыруға және ыстық шаймен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін қонақ үйлерде немесе өзге де ұйымдарда орналасады. Зардап шеккен халықты қабылдау пункттерінде ешқандай «газ камералары» жоқ.
Демек, бұл орындар адамдарды жаппай өлтіру үшін қажет деген ақпарат фейк. Олар төтенше жағдайдан зардап шеккен адамдарға көмектесу үшін жасалған.