Қазақстан мектептерінде даладағы дәретханалар 1 қыркүйекке дейін жойылады

0
449

Мектептердегі дала дәретханаларын жою жұмыстары 2019 жылы оқушы зорланғаннан кейін қолға алынды.


Қазақстан мектептерінде даладағы дәретханалар 1 қыркүйекке дейін жойылады

ERNUR.KZ. Білім министрлігі мектептердің даладағы дәретханаларын оқу жылы басталғанға дейін жоюды көздеп отыр, деп жазады sputnik.kz.

Білім министрі Асхат Аймағамбетов балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мектептерді жылы дәретханалармен жабдықтау мәселесі де жататынын атап өтті.

Айтуынша, бір жыл бұрын 2700 мектептің дәретханасы далада орналасқан. Аз уақыт ішінде 2600-ге жуық дәретхана салынып, бұл көрсеткіш 98,9%-ке жетті.

"Қысқа мерзім ішінде ауқымды жұмыс атқарылды. Десек те төрт өңірде 110 мектепте аулалық дәретханалар әлі де бар. Олар: Түркістан облысы, Алматы облысы, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары", - деді министр үкімет отырысында.

Ол даладағы дәретханаларды жою мәселесін 1 қыркүйекке дейін толық шешу міндеті қойылатынын айтты.

Даладағы дәретханаларды жою жұмыстары 2019 жылы оқушы зорланғаннан кейін қолға алынды. Сол жылы қарашада Таразда 12 жастағы оқушы мектеп аумағындағы дәретханада зорлық-зомбылыққа ұшырады.

Трагедия қоғамдық резонанс тудырды: мектеп басшылығы мен қала шенеуніктері жазаланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев болған жағдайды нағыз масқара деп атап, барлық мектепте 2020 жылдың соңына дейін оқушыларға қолайлы жағдай жасауды тапсырды.