2022 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда Біріккен Араб Әмірліктері капиталының қамтылуы аясында 371 заңды тұлға тіркелген.
ERNUR.KZ. Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп жазады ҚазАқпарат.
«Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы ынтымақтастық жыл сайын көптеген сала бойынша кеңейіп келеді. Елдер арасындағы тауар айналымы 2022 жылдың 9 айында 558 млн АҚШ долларын құраса, БАӘ-ден келген инвестициялар ағыны биылдың бірінші жартыжылдығында 2021 жылдың cол кезеңімен салыстырғанда 2 есе өсіп, 128,7 млн АҚШ долларын құрады. Жалпы, 2005 жылдан бастап 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында дейін БАӘ-ден келген тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 2,9 млрд АҚШ долларына жетті», - деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко.
Оның айтуынша, 2022 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда Біріккен Араб Әмірліктері капиталының қамтылуы аясында 371 заңды тұлға тіркелген. Бүгінгі таңда 5,3 млрд АҚШ доллары сомасын құрайтын 28 жоба іске асырылу сатысында.
«Екі елдің инвесторларын қорғау және қолдау көрсету мақсатында екі ел арасындағы инвестициялар өсімінің елеулі әлеуетін ескере отырып, 2018 жылғы 24 наурызда Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметтері арасында Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қойылды. Келісім инвестициялық ахуалды жақсартуға және елдер арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді. Тұтастай алғанда, жобаны қабылдау республикалық бюджеттен теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға, сондай-ақ қаржылық шығындарға әкеп соқпайды», - деді министрдің орынбасары.