КСРО кезінде еліміздің магистралдық мұнай желісі бірыңғай жүйеде болатын. Бірақ, Кеңес үкіметі тарағаннан кейін құбырлар әр мемлекеттің аумақтық қағидаты бойынша бөлініп кеткен
ERNUR.KZ. Қазақстан мен Ресей арасында талас болып келген 142 мың тоннаға жуық техникалық мұнай «Қазтрансойл» компаниясының меншігіне өтеді. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
Жалпы отырыста министр Қазақстан мен Ресей елдерінің Үкіметтері арасындағы «Туймазы - Омбы - Новосибирск-2» және «Омбы - Павлодар» магистральдық мұнай құбырларындағы технологиялық мұнайдың мәртебесін айқындау туралы келісімді ратификациялауға байланысты заң жобасын таныстырған болатын.
«КСРО кезінде еліміздің магистралдық мұнай желісі бірыңғай жүйеде болатын. Бірақ, Кеңес үкіметі тарағаннан кейін құбырлар әр мемлекеттің аумақтық қағидаты бойынша бөлініп кеткен еді. Алайда, «Туймазы - Омбы - Новосибирск-2» мұнай құбырының Қазақстан бөлігіндегі 62 048 тонна технологиялық мұнайдың меншік құқығы айқындалмай қалып кеткен. Сонымен қатар, «Омбы - Павлодар» мұнай құбырының Ресей учаскесінде 141 728 тонна технологиялық мұнайдың меншігі де шешілмеген еді», - деді заң жобасын таныстырған Қанат Бозымбаев.
Дегенмен, оның айтуынша, аталған мұнай аумақтық қағидатқа нақты тапсырылмаса да Ресейдің «Транснефть» ЖАҚ-ы мен Қазақстанның «Қазтрансойл» компаниясының балансына берілген. Яғни, «Омбы - Павлодар» мұнай құбырының Ресей учаскесіндегі 141 728 тонна мұнай шын мәнінде «Қазтрансойл» АҚ-ның баласында, ал «ТОН-2» мұнай құбырының Қазақстан аумағындағы 62 048 мұнай «Транснефть» ЖАҚ қарамағында болған.
«Айта кету керек, 2017 жылдың 9 қарашасында жасалған Қазақстан мен Ресей Үкіметінің арасындағы «ТОН-2» мен «Омбы - Павлодар» магистралдық мұнай құбырындағы технологиялық мұнайдың мәртебесін айқындау туралы келісім екі ел арасындағы көп жылдық ынтымақтың нәтижесі. Технологиялық мұнайды қайтаруда рәсімдерді жеңілдету мақсатында аталған келісіммен бірінші, Қазақстан аумағында орналасқан «ТОН-2» магистралдық мұнай құбырындағы 62 048 тонна мұнай «Қазтрансойл» АҚ-ына тиесілі. Екіншісі, оның орнына Ресей учаскесінде орналасқан «Омбы - Павлодар» құбырындағы мұнайдың дәл сондай 62 048 тоннасы «Транснефть» ЖАҚ-тың еншілес компаниясы «Транснефтьурал» АҚ-ына тиесілі. Үшінші, ресейлік учаскедегі «Омбы - Павлодар» магистралдық құбырындағы мұнайдың 79 880 тоннасы «Қазтрансойл» компаниясына тиесілі болып бекітілген. Сонымен қатар, келісім күшінен енген күннен бастап екі тарап он ай ішінде «Қазтрансойл» АҚ-ына тиесілі осы 79 880 тонна мұнайды «Омбы - Павлодар» құбыры арқылы Ресей аумағынан Қазақстанға бірнеше партиямен жөнелтуі қажет»,- деді ол.
Министрдің атап өтуінше, бұл келісім құбырлардағы мұнай аталған ұйымдарға тиесілі екендігін заңды түрде айқындайды. Сондай-ақ, мұнайды меншік иелеріне тапсырудағы қажетті азаматтық-құқықтық және ұйымдастыру рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік беріп отыр.
«ҚР-ның қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес мұнайды тапсыру рәсіміне корпоративтік табыс және қосылған құн салықтары, сонымен қатар өзге де салықтар салынуы тиіс. Алайда, келісімнің 4 бабымен «Қазтрансойл» компаниясы аталған салықтардан босатылған. Себебі бұл операция мүлікті сатып алу мәмілесі болып табылмайды. Келісімді ратификациялау және іске асыру бұрын талас болып келген 141 728 мың тонна технологиялық мұнайға «Қазтрансойл» АҚ-ның заңды ие болуына мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде еліміздің экономикасына қосымша пайда әкеледі»,- деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі күні технологиялық мұнай жер қойнауын пайдаланушыларға қайтарылмайды. Олар аталған мұнайды Қазақстанның мұнай өндіру зауыттарына және экспортқа жеткізуге мүмкіндік алады. Бұл ретте мұнайдың коммерциялық айналымынан зауыттарды жіктеуден басқа ҚР заңнамасына сәйкес бюджетке тиісті төлемдер төленетін болады.
Айта кетерлігі, Сенат депутаттары Заңды қолдап дауыс берді.