Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой түрік тарапын COVID-19 індеті бойынша еліміздегі қазіргі таңдағы жағдай туралы ақпараттандырды.
Қазақстан мен Түркия әуеқатынасты қалпына келтіру мәселесін талқылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Кеше Анкара қаласында Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған ҚР делегациясы Түркия Республикасының денсаулық сақтау министрі Фахреттин Кожамен кездесу өткізді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, ҚР делегациясы Қазақстан мен Түркия арасындағы халықаралық әуеқатынасын қалпына келтіру мәселесін талқылады.
Тараптар коронавирус індетінің таралуына жол бермеу мақсатында бірлескен іс-шаралар қабылдауға және екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты.
Сондай-ақ, қазақстандық тарап Түркия Үкіметіне пандемия кезінде елімізге көрсеткен ізеттілік көмегі үшін ризашылығын білдірді.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой түрік тарапын COVID-19 індеті бойынша еліміздегі қазіргі таңдағы жағдай туралы ақпараттандырды. Ол Қазақстандағы ахуал тұрақталғанын және бақылауда екендігін атап өтті.
"Келіссөздер нәтижесі бойынша ТР денсаулық сақтау министрі Ф.Кожа аталған мәселені Түркияның Коронавирус індетімен қарсы күрес жөніндегі ғылым кеңесінің келесі отырысының күн тәртібінде талқылауға қайта шығаратынына сендірді, сондай-ақ бұл мәселе Қазақстандағы оң динамиканың жалғасуын ескере отырып, жуық арада өз шешімін табатындығына сенім білдірді", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, 7 тамызда Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглумен Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе рейстерді тоқтата тұру мәселесі бойынша телефон арқылы сөйлесті.
Түркия Сыртқы істер министрі бұл шешім бауырлас халықтардың екіжақты қарым-қатынастарына байланысты емес екендігіне және тұрақты рейстерді қайта бастау туралы шешім ТР Мемлекеттік комиссиясының келесі отырысында қаралатынына сендірді.
Оған қоса, ҚР Сыртқы істер министрлігіне Түркияның Қазақстандағы Елшісі Уфук Экиджи шақырылып, түрік тарапының осындай шешімдері туралы Қазақстан Үкіметін алдын ала хабардар ету өтініші жеткізілді.