Мусин Қазақстан тарихында цифрландырудың жаңа дәуірі туғанын атап өтті.
ERNUR.KZ. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстанның цифрландыру бағытындағы БҰҰ рейтингісінде нешінші орында тұрғанын айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Басшылардың, жұмыскерлердің, бағдарламашылардың, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мамандардың кейінгі жылдағы тиянақты жұмысының арқасында Қазақстан БҰҰ ретингінде Электронды үкіметті дамыту индексі бойынша биыл 28 орынға шықты. Былтыр 29-орында едік. Биыл сол динамиканы сақтай отырып, 28-орынға көтерілдік. Ал онлайн қызметтер субиндексі бойынша әлемде 8-орында тұрмыз. Дүниежүзіндегі 193 мемлекеттің арасында біз сегізінші орындамыз. Яғни, біз электронды қалыптағы қызметтердің көрсеткіші бойынша әлемнің үздік ондығына кіреміз», - деді ол Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты шарада.
Сондай-ақ ол Қазақстан тарихында цифрландырудың жаңа дәуірі туғанын атап өтті.
«Бұл жұмысқа бәрінің қатысы бар. Тіпті қазір бизнесте жүрген сала мамандарының да үлесі бар. Банк саласы мен финтек құралдар арқылы жеке сектордағы цифрлық платформалармен үндестікте дамудың тың бағытын тапққаннан бері, қолдағы BigData-да жұмыс істеу мүмкіндігін ашқан кезден бастап бізде дамудың жаңа дәуірі басталды деп ойлаймын», - деді Бағдат Мусин.