Қазақстан өз қаржысына Бейжіңде мәдени орталық ашады

0
373

Қазақстандық мәдени орталықтың штат саны 13 қызметкерден тұрады, оның ішінде 3 қызметкер – Қазақстан азаматтары, 10 қызметкер – Қытай тарапынан жалданатын азаматтар болады.


Қазақстан өз қаржысына Бейжіңде мәдени орталық ашады

ERNUR.KZ. Қытайдағы Отанымыздың мәдениет орталығы республикалық бюджеттен қаржыландырылады, деп жазады inbusiness.kz.

Бүгін Сенатта "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы мәдени орталықтарды өзара құру бойынша келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы заңы мақұлданды.

Жоғары деңгейдегі келісімдерде Қазақстан мен Қытайда мәдени орталықтарды өзара құру туралы шешім қабылданып, 2023 жылғы 27 қарашада Астана қаласында Үкіметаралық келісім жасалды. Заңның негізгі мақсаты — Бейжіңде Қазақстан Республикасының, ал Астанада Қытай Халық Республикасының мәдени орталығын құру.

Келісімде мәдени орталық жіберуші мемлекет аккредиттеген, сол елдің заңнамасына сәйкес жұмыс істейтін коммерциялық емес ұйым - заңды тұлға нысанында жұмыс атқарады.

Орталықтарға діни, миссионерлік немесе сол мемлекеттің заңнамасына қайшы келетін өзге де қызмет жүргізуіне, сол сияқты жеке немесе заңды тұлғаларға осындай қызметті жүзеге асыруға жәрдемдесу рұқсат етілмейді.

Заңда мәдени орталықтардың орналасқан жерін анықтау, табыстары мен мүлкіне салық салу, басшысының мәртебесі, тағайындау, дауларды реттеу тәртібі, келісім жасау, өзгерістер мен толықтырулар енгізу, заңдық күшіне ену, ұзарту мерзімдері қарастырылған.

"Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлі қазақстандық мәдени орталық қызметінің тұжырымдамасын әзірледі. Тұжырымдамаға сәйкес, орталық ғимаратында түрлі іс-шаралар, кино, концерттік қойылымдар өткізуге арналған көпфункционалды зал, курстар, тренингтер, шығармашылық кездесулер өткізуге арналған коворинг орындары бар кітапхана, көрмелер мен таныстыру іс-шараларын ұйымдастыруға арналған экспозициялық алаң мен мультимедиялық кеңістік, сондай-ақ туризм бұрышын орналастыру көзделген.
Пекиндегі қазақстандық мәдени орталықтың штат саны 13 қызметкерден тұрады, оның ішінде 3 қызметкер – Қазақстан азаматтары, 10 қызметкер – Қытай тарапынан жалданатын азаматтар болады. Қытайдағы Отанымыздың мәдениет орталығы республикалық бюджеттен қаржыландырылады", — деді сенатор Ғалиасқар Сарыбаев.

Үкімет пен уәкілетті органның құзыреттерін айқындау мақсатында "ҚР Мәдениет туралы" заңына тиісті түзетулер мен өзгерістер енгізілетін болады.