Қазақстан президенті ТМД үшін "достастық визасын" енгізуді ұсынды

0
928

Бірыңғай виза құру ТМД елдеріндегі туризмнің дамуына ықпал етуші еді, деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.


Қазақстан президенті ТМД үшін

ERNUR.KZ. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "шенген" сияқты ТМД елдерінде бірыңғай виза енгізу мәселесін қарастыруды ұсынды. Мемлекет басшысы бұл туралы Ашхабадта ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысында мәлімдеді, деп жазады sputniknews.kz.

"Өкінішке қарай, ұлттық виза және көші-қон режимдерінде айтарлықтай айырмашылық бар. Олар ТМД-дағы бірнеше елге бірден барғысы келетін шетелдік туристер үшін қолайсыздық туғызуда. Мен бұл өте қиын екенін түсінемін, дегенмен ТМД аумағында шенген келісімі тәрізді "достастық визасы" деген шартты атаумен бірыңғай режим енгізу мәселесін қарауды ойлану керек шығар", - деп ұсынды Тоқаев.

Оның айтуынша, мұндай виза достастық елдеріндегі туризмнің дамуына ықпал етеді.

Тоқаев әрбір елде әлемнің түкпір-түкпірінен туристерді тарта алатын өзінің ерекше табиғи және тарихи нысандары бар екенін атап өтті.

Айта кетейік, 2018 жылдың маусымында Дариға Назарбаева Орталық Азия елдері үшін "азиялық шенген" құру идеясын айтқан болатын. Жоба 2019 жылдың басында жүзеге асырылуы мүмкін деп болжалды.

Бірақ, Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, "азиялық шенген" құру және енгізу мәселесі көп уақытты қажет етеді.