Қазақстан РФ елшісі Бородавкиннің даулы сұхбатына қатысты түсініктеме алды

0
677

Бүгін Сыртқы істер министрлігі өтіп бара жатқан жылды қорытындылап, БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізген болатын.


Қазақстан РФ елшісі Бородавкиннің даулы сұхбатына қатысты түсініктеме алды

ERNUR.KZ. Қазақстан Алексей Бородавкиннің даулы сұхбатына қатысты Ресей тарапынан түсініктеме алды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

Бүгін Сыртқы істер министрлігі өтіп бара жатқан жылды қорытындылап, БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізген болатын. Іс-шара барысында тілшілер Айбек Смадияровтан: «Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин «Елімізде ұлтшылдықтың көріністері бар. Керек болса, Ресей көмектесе алады» деп айтты. Сыртқы істер министрлігінің елшісінің осы пікіріне қатысты ұстанымы қандай?», деп сұраған еді.

«Бұл мәселеге қатысты Ресей елшісі Алексей Бородавкинмен кездесу өткізілді. Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Ресей елшісінің сөзіне түсінік берді. Сіздер оны білесіздер. Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров қазақстандық телеарналарға осы мәселе бойынша түсінік берген. Бүгінде мәселе жабық деп санаймыз, түсініктемелер қабылданды», - деп жауап берді ол.

Сонымен қатар министрліктің ресми өкілі Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты президенттер анықтайтындығын баса айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге соңғы сапары кезінде қос елдің президенттері Мәскеуде өткен келіссөздердің қорытындысыда дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуына орай декларацияға қол қойды. Президентіміз атап өткендей, осы уақыт ішінде екі мемлекет достық пен тату көршіліктің берік байланысына негізделген өзара тиімді әріптестік құра алды. Қазақстан мен Ресей арасында сенімді, сындарлы диалог орнады. Ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне қол жеткізілді», - деді Айбек Смадияров.

Бұған дейін Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкиннің берген сұхбатына қатысты пікір білдірген Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов «Елшінің сұхбатының кей тұстары оның мәртебесіне сай келмейді әрі пайда әкелмейді деп ойлаймын. Бородавкин мырза өте тәжірибелі дипломат, ол үгіт-насихатшылар мен саясаттанушылардың жетегінде кетпеуі керек», - деген болатын.