Қалған өнімдер бойынша бағалар тұрақты.
ERNUR.KZ. ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Үкіметтің цифрлық кеңсесінде орталық мемлекеттік органдар басшыларының және өңірлер әкімдерінің қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағаларын реттеу мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп жазады inform.kz
Қазіргі жағдай мен жүргізіліп жатқан жұмыс туралы сауда және интеграция вице-министрі Ержан Қалдыбаев, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев және т. б. баяндады.
Өткен аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,2%-ға төмендеді. Бағаның ең көп төмендеуі Түркістан облысында және Нұр-Сұлтан қаласында (-0,6%), Жамбыл облысында (-0,3%), Шымкент қаласында (-0,2%) тіркелді. Тауарлар бөлінісінде республика бойынша сәбіз (-2,2%), картоп (-0,5%), пияз және рожки (-0,4%), сиыр еті (-0,3%), күріш (-0,2%), сүт және қарақұмық (-0,1%) бағасының төмендеуі байқалады. Қалған өнімдер бойынша бағалар тұрақты. Форвардтық сатып алу қорытындысы бойынша 2021 жылы «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ 572 мың тонна астық, оның ішінде 539 мың тонна бидай сатып алды. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында ішкі нарыққа 475 мың тонна бидай жіберу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі нарық субъектілерінің атына 114 хабарлама жіберді, 16 тергеу жүргізді, монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықтарды жою туралы 20 нұсқама, өндірушілердің бағаны көтеру мүмкіндігі туралы жария мәлімдемесі үшін бәсекелестікті қорғау саласындағы ҚР заңнамасын бұзуға жол бермеу туралы 11 ескерту жасады, өндірушілермен, көтерме жеткізушілермен және сауда желілерімен сауда үстемесін 15%-дан 10%-ға дейін төмендету туралы монополияға қарсы комплаенстің 199 актісін жасасты.
Сауда үстемесін көтерудің 75 фактісі анықталды. Премьер-Министр орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру және төмендету бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды. Үкімет басшысы өңірлік тұрақтандыру қорларындағы қорларды толықтыру және «айналым схемасын» қаржыландыруды қамтамасыз ету шараларын қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.
«Бағаны төмендету қарқынын арттыру және мереке алдындағы кезеңде барлық қолданыстағы құралдарды қолдана отырып, барынша бақылауды қамтамасыз ету қажет. Тауар интервенциясын уақытылы жүргізу және келісімшарт жасалған көлемдердің жеткізілуін қамтамасыз ету қажет. Мереке күндері тауарлардың жасанды тапшылығына жол беруге болмайды», — деді А. Мамин.