Қазіргі таңда шетелдік агенттіктер елімізде бар.
ERNUR.KZ. Қазақстанда бала асырап алушыларға көмек көрсететін ұлттық агенттік құрылады. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
«Заң жобасы аясында «Неке және отбасы туралы» Кодекске (бала) асырап алу жөніндегі агенттікті аккредиттеу тәртібі енгізіледі. Олар жетім балаларды асырап алушыларға психологиялық, консультативтік көмек көрсететін болады», - деді М. Ахметжанов.
Парламент Сенатында қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасын талқылау кезінде.
Кейіннен тілшілер сауалына жауап беру кезінде М. Ахметжанов ұлттық агенттік құрылатынын және ол бала асырап алушыларға тиісті қолдау шараларын (психологиялық және косультативтік көмек) атқаратынын жеткізді.
«Қазіргі таңда шетелдік агенттіктер елімізде бар. Олар жұмыс істеп жатыр. Енді сондай өкілеттікті біздің ұлттық агенттікке беру көзделіп отыр. Бұл тұрғыда ешқандай мемлекеттік өкілеттік оларға берілмейді. Баланы асырап алуды тек қана сот шешеді. Бұл мәселе біздің мемлекеттік органдардың құзыретінде. Аталған агенттікті мемлекет қаржыландырмайды. Өкінішке қарай, мамандар бүгінде біраз ата-ана баланы асырап алуға дайын еместігін айтуда. Осының салдарынан жеткіншектер балалар үйлеріне қайтып келіп жатыр. Сондықтан осы мәселені зерттеп, ата-ананы толық дайындап, аккредиттеу керек. Атап айтқанда, ең соңғы түпкілікті шешімді сот қабылдайды. Сот жан-жақты қарап, заңға қайшы немесе күдікті жағдайлар болса, баланы асырап алуға беруден бас тартуға толық міндетті», - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары.