Қазақстанда банк шотынан ақша шешіп алуға шектеу енгізілді

0
3 482

​Қолма-қол ақшаның шекті мөлшеріне қатысты өзгерістер осы жылдың бірінші маусымынан бастап күшіне енеді.


Қазақстанда банк шотынан ақша шешіп алуға шектеу енгізілді

ERNUR.KZ. Қазақстанда заңды тұлғаларға банк шотынан қолма-қол ақша шешіп алуға шектеу енгізілді, деп жазады sputniknews.kz.

Ақшаның шекті мөлшеріне қатысты өзгерістер осы жылдың 1 маусымынан бастап күшіне енеді.

Ұлттық банк заңды тұлғалар үшін банктегі шоттардан шешіп алуға болатын қолма-қол ақшаның шекті сомасын белгіледі:

  • шағын бизнес үшін – күнтізбелік айда 20 миллион теңге;
  • орта бизнес үшін – күнтізбелік айда 120 миллион теңге;
  • ірі бизнес үшін – күнтізбелік айда 150 миллион теңге.

"Жаңашылдық көлеңкелі экономиканы азайтуға, бизнес субъектілері операцияларының айқындылығын арттыруға, сондай-ақ, заңсыз жолмен алынған ақшаны жылыстатуға қарсы күреске және сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге бағытталған", - деді ұлттық банк төрағасының орынбасары Дина Ғалиева.

Айтуынша, шектеудің қолданылу мерзімі – осы жылдың соңына дейін.

Егер компанияға бір айда белгіленген лимиттен артық ақша шешу қажет болса, онда екінші деңгейлі банкке тиісті негіздемемен жүгіну керек. Банк соманы ұлғайту туралы өтінімді қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетімен 3 жұмыс күні ішінде келіседі. Осыдан кейін ғана барып компанияға рұқсат беріледі.

Шектеу кімдерге қатысты емес

  • жеке тұлғаларға;
  • жеке кәсіпкерлерге;
  • микрокәсіпкерлік субъектілеріне;
  • ауыл шаруашылығы азық-түлігі өнімін, балық өнімін сатып алуды жүзеге асыратын заңды тұлғаларға;
  • тамақ өнімдерін, сусын, фармацевтикалық, медициналық және ортопедия тауарларын бөлшек сатумен айналысатын заңды тұлғаларға;
  • екінші деңгейлі банктерге;
  • "Қазпошта" АҚ;
  • банктік емес ақша айырбастау пунктеріне.