Кореялық профессорлар Қазақстанда дрон саласына қажетті мамандар даярлайды.
ERNUR.KZ. Мұндай келісімге еліміздің өнеркәсіп және құрылыс министрлігі делегациясының Оңтүстік Кореяға сапары барысында қол жеткізілді, деп жазады 24kz арнасы.
Делегация мүшелері 3 күн ішінде Корея үкіметі мүшелерімен, ірі компаниялардың басшыларымен келіссөздер жүргізіп, Джей және Шинхан университеттерінде болды. Онда олар дәріске қатысып, дрондарды жасау үшін инженерлерді оқыту үдерісімен танысты.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, әзірге Қазақстанда екі университетте ғана дрондар кафедралары бар. Енді Джей университетінің көмегімен тағы бір факультет ашылмақ. Кореялық профессорлар Қазақстанда дрон саласына қажетті мамандар даярлайды.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Азамат Бейісбековтің айтуынша, Джей академиясында жоғарғы сынып оқушыларынан бастап нақты өндірісте жұмыс істейтін адамдарға дейін арнайы соларға мамандырылған бағдарламалар бар.
"Соларды қолдана отырып, мамандарды даярлаймыз. Алдағы уақытта Джей университеті Қазақстанға келіп, біздің университеттерімізді аралап, техникалық университеттерімізді, олардың ішінен өздеріне әріптес тандайды. Бізге корей және түрік тараптары дрондарды өндіру технологиясы мен құзыреттілігін беруге дайын", - дейді Азамат Бейісбеков.