Қазақстанда екінші деңгейлі тұрғын үйлер бағасы қайта арзандай бастады

0
530

Баға соңғы үш айда біршама төмендеген.


Қазақстанда екінші деңгейлі тұрғын үйлер бағасы қайта арзандай бастады

ERNUR.KZ. Екінші деңгейлі тұрғын үйлер нарығындағы баға қайтадан құлдырады. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша маусым айында жалпы республика бойынша тұрғын үй құны 0,5 пайызға арзандап, 486,9 мың теңге болды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

DataHub Бірінші кредиттік бюро сарапшыларының пікірінше, баға соңғы 4 айдың үшеуінде біршама төмендеген. Яғни, мамырдан бастап баға өзгерісі байқалады.

«Екінші деңгейлі тұрғын үйлер бағасы ақпаннан бері көтерілген жоқ. Қазір республика бойынша орташа есеппен баспананың әр шаршы метрі жыл басындағы көрсеткіштен гөрі екі пайызға арзан. Ал бір жыл бұрынғыдан 1,9%-ға көп, инфляция аясында бұл – жақсы көрсеткіш», - дейді мамандар.

Қай өңірде үй арзандады?

Белгілі болғандай, маусым айында екінші деңгейлі тұрғын үйлер бағасы 6 ірі қалада төмендеді:

  • Көкшетау – 4,2%-ға;
  • Ақтау – 2,5%-ға;
  • Алматы – 1,2%-ға;
  • Өскемен, Қарағанды және Қостанайда 0,4%-ға арзандады.

Ресми статистика көрсеткендей, баға тек Талдықорған қаласында 1,1%-ға өскен. Қалған қалалардың бәрінде маусымда екінші деңгейлі тұрғын үй бағасы өзгерген жоқ.

Жаңа салынып жатқан үйлердің бағасы қандай?

Жаңа салынып жатқан үйлержің бағасы әлі де қымбаттап жатыр. Өткен айда жаңа тұрғын үй бағасы 0,2%-ға (жыл басынан бері – 1,7%-ға) қымбаттады. Өсім 4 қалада байқалады:

  • Семей – 2,8%-ға;
  • Шымкент – 2,1%-ға;
  • Талдықорған – 1,4%-ға;
  • Ақтауда 0,5%-ға қымбаттаған.

Көкшетауда жаңа тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құны 3,1%-ға арзандады. Басқа қалаларда баға өзгерген жоқ.

Республика бойынша жаңа баспананың әр шаршы метрінің орташа құны 4– 86,9 мың теңге.

Пәтерді жалға алу құны арзанды ма?

Нарықта пәтерді жалға алу бағасы да біршама арзандады. Маусымда бағаның 0,5%-ға төмендегені байқалады. Дегенмен баға өзгерісін тек үш қаладан көреміз: Алматыда (-0,8%) және Қостанайда (-0,2%) баға төмендесе, керісінше, Шымкентте (0,9%) аздап көтерілген.

Тұрғын үйдің 1 шаршы метрін жалға алу орташа есеппен 4 633 теңге тұрады.

Нарықтағы баға өзгерісі

Сарапшылар Астанадағы (587,4 мың теңге) жаңа баспананың Алматыдағыдан (549,4 мың теңге) қымбаттай бастағанын айтады. Екінші деңгейлі тұрғын үйлер, керісінше, Алматыдан «614,2 мың теңге) гөрі елордада (601,7 мың теңге) қолжетімді.

«Республиканың 20 ірі қаласының 14-інде жаңа құрылыстар бұрын салынған үйлерден арзанырақ. Маусымдағы құлдыраудан кейін Көкшетау Қазақстанның ең арзан қалаларының біріне айналды. Бұл қаладағы екінші деңгейлі тұрғын үйлер бағасы 296,7 мың теңге тұрады. Ең арзан үйлер Тараз қаласында – 293,9 мың теңге», - дейді мамандар.

Қазақстан бойынша екінші деңгейлі тұрғын үйді өтеу (сатып алу бағасының жалға алу құнына қатынасы) орта есеппен 109 айды құрайды. Бұл 9 жылдан сәл көбірек уақыт. Ең ұзақ көрсеткіштер Семей (184 ай немесе 15,3 жыл) және Талдықорған (178 ай немесе 14,9 жыл) қалаларында тіркелді. Алматыда көрсеткіш 114 ай (9,5 жыл), Астанада 135 ай (11,3 жыл) болып отыр.