Қазақстанда электр жетегімен жүретін арбалар шығару жолға қойылмақ

0
1 191

Бердібек Сапарбаев Ақмола облысындағы мүгедектер арбасын шығаруды жоспарлап отырған «Тыныс» зауытында болды.


Қазақстанда электр жетегімен жүретін арбалар шығару жолға қойылмақ

ERNUR.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Ақмола облысына жұмыс сапары барысында елімізде тұңғыш рет мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған электр жетегі бар арбалар өндірісін жолға қоюды жоспарлап отырған «Тыныс» АҚ машина жасау зауытының жұмысымен танысты, деп жазады Елорда Инфо.

Оңалту қызметтерінің сапасын жақсарту және мүгедектігі бар азаматтардың қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында бұған дейін министрлік пен кәсіпорын арасында тиісті келісім жасалған болатын.

Бердібек Сапарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел Президенті мүгедектігі бар азаматтарды барлық қажетті техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етуді тапсырғанын атап өтті.

«Біздің міндетіміз – мүгедектігі бар жандарды қажетті құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету. Сонымен қатар, олар сапалы және қолдануға ыңғайлы болуы керек. Егер бұл үлгілер өздерін жақсы жағынан көрсетіп, барлық талаптарға сай болса, мүгедектігі бар азаматтарды электр жетегімен жүретін арбалармен мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қамтамасыз ету мәселесін қарастыратын боламыз. Егер біз Қазақстанда сапалы өнім өндіруді жолға қойсақ, техникалық жабдықтарды импорттаудың қажеттілігі болмайды», - деп атап өтті Сапарбаев.

Электр жетегі бар кресло-арбалардың алғашқы тәжірибелік үлгілері бала кезінен бастап бірінші топтағы мүгедектігі бар Динара Әлиева мен Ерлан Ескенге берілді.

«Жаңа үлгідегі электр кресло-арбасы өте ыңғайлы. Мен мұны көптен армандаған едім. Енді бұл арбаның көмегімен өз бетімше қозғала аламын», - деді Динара Әлиева.

Зауыт директоры Қайрат Қалманбаевтың айтуынша, отандық өнімдер шетелдік аналогтарынан кем түспейді. Сынақ сәтті болған жағдайда, кәсіпорын электр арбаларының сериялық өндірісін жолға қоюға ниетті.

Еңбек министрлігі Ақтөбе облысында әлеуметтік портал қызметін пилоттық режимде жүзеге асыруда. Бұл портал мүгедектігі бар азаматтарға оңалту құралдары мен қызметтерін өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді.

«Тыныс» АҚ зауыты қызметінің негізгі саласы - авиациялық техникаға арналған тораптар мен агрегаттар өндіру болып табылады. Кәсіпорын жылу алмастырғыш жабдықтар, ұшақ өрт сөндіргіштері, температура дабылы, клапандар, электромагниттік және жылу қосқыштар, электронды басқару блоктары, сонымен қатар күш құрылымдарына арналған оқ-дәрілер, сауыттар мен қалқандар және т.б. шығарумен айналысады.