​Қазақстанда ескі көліктер үшін берілетін ақша көлемі өсті

0
2 913

Көліктерді ақшаға және сертификат беру бағдарламасы бойынша қабылдауға биыл 50 мың квота бөлінген


​Қазақстанда ескі көліктер үшін берілетін ақша көлемі өсті

ERNUR.KZ. Қазақстанда жаңа көлік сатып алуға берілетін жеңілдік сертификатының құны 750 мың теңгеге дейін ұлғайды, деп жазадыҚазАқпарат Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Энергетика министрлігі ескі көліктерді жоюға қабылдау бағдарламасы бойынша 2019 жылға арналған квота көлемін бекітті. ӨКМ (өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері) операторына көліктерді ақшаға және сертификат беру бағдарламасы бойынша қабылдауға биыл 50 мың квота бөлінген. Соның 25 мыңы жеңілдік сертификаты бағдарламасына бөлінсе, қалған 25 мыңы ақшалай өтемақы бағдарламасына қарастырылып отыр. Сонымен қатар, жүк көліктеріне берілетін сертификат құны биыл ұлғайтылды. Былтыр оның құны 450-650 мың теңге болса, осы жылдан бастап оның көлемі 550-ден 750 мың теңгеге дейін көтерілді. Ал жеңіл автокөлік сертификатының құны баяғы 315 теңге қалпында қалды.

Ескі көліктерді қабылдау бағдарламасы 20 ақпанынан бастап жалғасын табады. «Бағдарлама талабы бойынша жоюға тапсырылатын көліктер толық жиынтықта қабылданады. Ескі техниканы өткізушіге жеңілдік сертификаты беріледі. Отандық автоөндірушіден көлік сатып алған кезде сертификат сомасы көлік бағасынан шегеріліп қалады. Жеңілдік сертификаттың құны тапсырылатын көлік құралының санатына байланысты бағаланады. Бағдарлама бойынша отандық өндірушіден кез келген санаттағы көлік құралын сертификат арқылы алуға болады. Сондай-ақ, автокөлік сатып алғанда 2 сертификатты біріктіру мүмкіндігі қарастырылған. Жеңілдік сертификаты атаулы және оны өзгенің атына тіркеу екі реттен артық жүргізілмейді. Сондай-ақ, оны қайтарып беруге немесе қолма қол ақшаға ауыстырылмайды. Сертификат тіркелген күннен бастап 12 айға жарамды», - делінген министрліктің хабарламасында.

Жеңілдік сертификат бағдарламасы бойынша қандай көлік сатып алуға болатындығы туралы мәліметті автоөндірушілердің ресми сайтынан («БИПЭК АВТО» www.bipek.kz, www.aziaavto.kz. www.sap.com.kz, www.hyundai-hta.kz, www.daewoobus.kz, www.kamazkamaz.kz) көруге болады.

Айта кетсек, жеңілдік сертификаты бағдарламасы Қазақстанда 2017 жылдың 26 маусымында іске қосылған болатын. Осы аралықта қазақстандықтар аталған бағдарлама бойынша 20 939 көлігін сертификатқа алмастырған. Сондай-ақ, сатып алу бағдарламасы бойынша 67 052 жеңіл көлік қабылданды. Ескі көліген тапсырған қазақстандықтарға 10 млрд 48 млн теңге көлемінде қаражат аударылды. Қос бағдарламаның қорытындысы бойынша ӨКМ Операторы 88 мыңға жуық ескі көлік қабылдады.